Қырғызстанда «алауыздық қоздырды» деген белсенді бостандыққа шықты

Сырым Қаржас
Фото: Азаттық

Қырғызстан астанасы Бішкекте сот азаматтық белсенді Айбек Теңізбайға қатысты бұлтартпау шарасын қайта қарап, оны қамаудан босатты. 31 желтоқсанда қабылданған шешімге сәйкес, белсенді тергеу изоляторынан босатылып, елден шықпау туралы қолхатпен еркіндікке жіберілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үш апта қамауда болды

Азаттық мәліметінше, Айбек Теңізбай тергеу изоляторында шамамен үш апта отырған. Оған «нәсілдік, этностық, ұлттық, діни немесе өңіраралық араздықты қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Арнайы қызметтің уәжі

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті белсендінің әлеуметтік желілерде белгілі бір ұлт өкілдеріне қатысты жеке өшпенділікті білдіретін арандатушылық жазбалар жариялағанын хабарлады. Алайда арнайы қызмет қай этнос туралы сөз болып отырғанын нақтыламады.

Телерадиоарнаға қатысты сын

Айбек Теңізбай Қырғызстанда ресейлік НТВ арнасының бағдарламаларын көрсететін Nomad телеарнасының ашылуын ашық сынға алған. Белсенді бұл арнаны насихаттық сипаттағы жоба деп бағалаған.