Венесуэла астанасы Каракаста бірнеше жарылыс болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz AP және Reuters агенттіктеріне сілтеме жасап.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Деректерге қарағанда, қала үстінде төмен ұшатын ұшақтар байқалған, ал астананың оңтүстік бөлігінде, ірі әскери база жанында, электр жарығы өшкен.
AP агенттігінің жазуынша, кем дегенде жеті жарылыс болған. Венесуэла үкіметі әзірше жағдайға қатысты түсінік берген жоқ. Ақ үй мен Пентагон да ресми мәлімдеме жасамады. CNN тілшілері бірінші жарылыс жергілікті уақытпен шамамен 01:50-де болғанын хабарлады. Қаладағы кей аудандар тұрғындары көшеге шыққан. Венесуэла БАҚ-тары Efecto Cocuyo және Tal Cual Digital хабарлауынша, жарылыстар Каракастың солтүстігіндегі Ла-Гуайра мен Миранда штатының Игуэроте қаласында да естілген. Efecto Cocuyo деректері бойынша, детонациялар Форт-Тиуна аймағында тіркелген, онда қорғаныс министрлігі мен армия штабы орналасқан.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлада Николас Мадуро режиміне қысым жасау мақсатында операция жүргізу мүмкіндігі туралы бірнеше рет мәлімдеген. АҚШ пен Венесуэла арасындағы қақтығыс кейінгі жылдары Вашингтонның экономикалық, саяси және әскери қысымымен ушыққан. АҚШ Мадуроны және оның жақындарын есірткі трафигімен байланыста деп айыптайды, оппозицияны қолдайды, Венесуэла экономикасына санкциялар енгізеді және Кариб теңізі аймағындағы әскери қатысуын күшейтеді, соның ішінде авиациялық соққылар мен арнайы операцияларды қамтиды. Каракас бұл әрекеттерді ішкі істерге араласу және егемендікке қауіп деп қабылдайды.