Қазақстанда жеке тұлғаларға банк шоттарын ашу ережелері жаңартылды. Тиісті өзгерістерді Ұлттық банкі қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бизнеске пайдалануға тыйым салынады
Банк шоттарын ашу, жүргізу және жабу тәртібін реттейтін жаңа қаулы 2025 жылдың соңғы күнінде бекітілді. Құжат 2016 жылдан бері қолданыста болған ережелерге түзетулер енгізеді.
Енді жеке тұлға ретінде банк шотын ашатын қазақстандықтар арнайы өтінішке қол қоюы тиіс. Онда шотты кәсіпкерлік мақсатта пайдаланбайтыны көрсетілуі қажет.
Қандай қызмет түрлеріне шектеу бар?
Құжатта клиент өтінішінде банк шоты арқылы:
кәсіпкерлік қызмет,
өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі аясындағы қызмет,
нотариалдық және адвокаттық қызмет,
атқарушылық құжаттарды орындау,
медиация тәртібімен дауларды реттеу
жүргізілмейтінін растауы тиіс. Мұндай қызмет түрлеріне банкпен жасалған келісімшартта арнайы рұқсат берілмесе, оларды шот арқылы жүзеге асыруға болмайды.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға бөлек талап
Сонымен қатар, арнайы салық режимін қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар банк шотын ашу кезінде де тиісті өтініш тапсыруға міндеттеледі. Бұл талап олардың қызмет мәртебесін нақтылауға бағытталған.
Жаңа ережелер 2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.