Еуропалық дипломаттар ЛГБТ-насихатқа тыйым салуды сынға алды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Еуропа елдерінің елшіліктері Қазақстанда қабылданған заңға байланысты алаңдаушылық білдіріп, бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Дипломаттардың мәлімдеуінше, олар Қазақстан заңнамасына енгізілген, «дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттауға тыйым салуға» бағытталған соңғы өзгерістерді «терең алаңдаушылықпен» қабылдаған.

– Біздің ойымызша, бұл өзгерістер Қазақстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелеріне сай келмейді және оларды еркін, тіпті негізсіз түсіндіруге жол ашады. Мұндай жағдай кемсітушіліктен еркін болу құқығын қоса алғанда, негізгі бостандықтарға әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар біз бұл өзгерістерде жыныстық бағдар мен педофилия арасында жүргізілген салыстырумен түбегейлі келіспейміз. Өйткені педофилия бүкіл әлемде ауыр қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қарастырылады. Осыған байланысты аталған өзгерістер Қазақстанның халықаралық беделіне кері әсер етуі ықтимал, – делінген мәлімдемеде.

КОНТЕКСТ

30 желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Аталған құжатта «ЛГБТ-насихатқа тыйым салу» туралы норма көзделген.