Гренландия мәселесінде Трамп әскер қолдану нұсқасын да қарастырады

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Ақ үй әкімшілігі тағы да Гренландияны АҚШ құрамына қосуға қатысты мәлімдеме жасады. Дональд Трамп бұл мәселеде әскер қолдануды қарастыруы да мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Ақ үй таратқан мәлімдемеге қарағанда, Гренландия АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен Арктика аймағындағы қарсыластарын тежеуде шешуші мәнге ие. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның командасы «бірқатар нұсқаны» талқылап жатыр, ал қарулы күштерді қолдану «бас қолбасшының иелігіндегіәрдайым қарастырылатын нұсқалардың бірі» болып қала береді.

Бұған дейін Еуроодақтың бірқатар елдері, оның ішінде Германия, Гренландияны аннексиялаудың ықтимал салдары жөнінде АҚШ-ты ашық түрде ескерткен болатын.

«Гренландия – оның халқының меншігі. Дания мен Гренландияға қатысты мәселелерді шешуге тек Дания мен Гренландияның ғана құқығы бар», — делінген 6 қаңтар күні жарияланған бірлескен мәлімдемеде.

Құжатқа Франция, Германия, Италия, Польша, Испания, Ұлыбритания және Дания басшылары қол қойған.

Контекст

Бұған дейін Дональд Трамп Гренландияны АҚШ аумағына қосу үшін оны сатып алуды немесе басқа тәсілдермен қосуға ниетті екенін мәлімдеген. Былтыр 24 қаңтарда Трамп осы мәселе бойынша Дания премьер-министрі Метте Фредериксенға телефон шалып сөйлескен. Екеуінің әңгімесі «қатты» болды деген ақпараттар тараған. Ал Гренландия премьер-министрі Муте Эгеде Гренландия «сатылмайды» деп жауап қайырған.

Гренландия – Дания құрамындағы автономды аймақ. Ол өз іс-әрекеттерін басқаруға құқылы. Копенгаген сыртқы саясат пен қауіпсіздік мәселелерін анықтайды, ал қаржы мәселелері арал үкіметінің қатысуымен шешіледі.

Табиғи ресурстарға бай аралда шамамен 57 мың адам тұрады. Гренландияда АҚШ-тың үлкен әскери базасы орналасқан.