Ресей Атлант мұхиты арқылы өтіп бара жатқан, артынан АҚШ күштері ілескен мұнай танкерін алып жүру үшін әскери-теңіз флотының кемелерін жіберді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазіргі уақытта танкер жүк тасымалдап жатқан жоқ, алайда бұған дейін ол Венесуэла мұнайын тасымалдау үшін пайдаланылған. Сейсенбі күні кеме Шотландия мен Исландияның арасында болған. Бұған дейін Кариб теңізінде АҚШ жағалау күзеті Bella 1 танкерін басып алуға әрекет жасаған. Ол кеме Венесуэлаға бет алды деп есептелген, деп жазады BBC.
АҚШ билігінде бұл кемені ұстауға ордер болған. Себеп — АҚШ санкцияларын бұзу және ирандық мұнай тасымалдай ма деген күдік болған. Осыдан кейін танкер бағытын күрт өзгертіп, атауын Marinera деп ауыстырған. Сондай-ақ кеме Гайана туынан бас тартып, Ресей туына қайта тіркелгені хабарланды.
Танкердің Еуропаға жақындауы шамамен он шақты америкалық әскери-тасымалдау ұшақтары мен тікұшақтардың пайда болуымен тұспа-тұс келді. Ресей бұл жағдайды «алаңдаушылықпен бақылап отырғанын» мәлімдеді.
КОНТЕКСТ
Мұнай танкері төңірегіндегі текетірес АҚШ бірнеше күн бұрын Венесуэланың астанасы Каракаста президент Николас Мадуроны ұстағаннан кейін болып отыр. Бұл оқиға әлемді дүр сілкіндірген еді.
Мадуроны жұбайымен бірге елден алып шығу операциясы кезінде америкалық күштер қаладағы бірқатар нысанға соққы жасаған. Ол нысандар қару-жарақ пен есірткіге қатысты қылмыстармен байланысы бар деп күдікке ілінген.