Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жеке мектептердегі алаяқтық туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әбенов премьер-министр Олжас Бектенов жекеменшік мектептерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі өзгертуді тапсырғанын атап өтті.
- Үкімет басшысы Олжас Бектенов бюджет қаржысын жымқырудың «көлеңкелі схемаларын» сынға алып, қымбат оқу орындарына мемлекеттен көк тиын бөлінбеуі керек екенін кесіп айтты. Жиында Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіндегі олқылықтарды жою міндеттелді, - дейді депутат.
Мемлекет жекеменшік секторды тек орын тапшылығын жою үшін қолдайды, алайда кәсіпкерлер бұл мүмкіндікті теріс пайдаланып келген.
“ӨЛІ ЖАНДАР” МЕН ЖАСАНДЫ КӨШІ-ҚОН
Қаржы министрі Мәди Такиев тексерістің жаға ұстатарлық нәтижелерін жариялаған.
- e-Qazyna.kz порталы арқылы жүргізілген талдау жекеменшік мектептердің қулығын ашты. Кейбір мекемелер субсидияны көп алу үшін оқушылар мен мұғалімдердің санын қолдан көбейткен, дейді депутат.
Әбеновтің сөзінше, аудит барысында 1 333 оқушының бір мектептен екіншісіне 5-тен 12 ретке дейін «көшкені» анықталды. Сондай-ақ 64 мектепте оқушы саны рұқсат етілген нормадан екі есе асып кеткен.
- Бұл білім сапасын төмендетіп қана қоймай, бюджет қаржысының желге ұшуына әкелді, дейді Мұрат Әбенов.
МИЛЛИАРДТАҒАН САЛЫҚ
Үкімет басшысы қымбат мектептер мәселесіне арнайы тоқталған.
- Олжас Бектенов ата-аналардан қомақты ақы алатын «элиталық» мектептердің шығынды өздері жабуы керектігін қадап айтты. Енді мемлекеттік бюджет есебінен бай-қуатты мектептерді қаржыландыру тоқтайды. Сонымен қатар, салықтан жалтарғандар да анықталды. 2024 жылы 167 жеке мектеп кірістерін жасырып қалған, дейді депутат.
Әбеновтің сөзінше, арнайы хаттан кейін ғана олар мемлекет қазынасына 1,2 миллиард теңге салық төледі. Қазіргі таңда күдікке ілінген 46 мектепте қайта тексеру жүріп жатыр.
БЕКТЕНОВ НЕ ДЕП ЕДІ
Еске салайық, 6 қаңтарда Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа жылдың алғашқы Үкімет отырысын Мемлекет басшысының бағдарламалық сұхбатына негізделген нақты тапсырмалардан бастап, білім мен медицинадағы алаяқтықты тексеруге бір апта уақыт берген болатын.