21 жастағы Данияр Амалбеков – Ұлттық гвардияның 6506 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі сарбазы. Ол Шымкенттегі ауруханада көз жұмған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТЕРГЕУ
Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігінің Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғап, барлық мән-жайды тексеріп жатыр.
«Мерзімді әскери қызметшінің қазасы бойынша Ішкі істер министрлігінің Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Барлық мән-жай тексерілуде, сот сараптамалары тағайындалды»- деп жазды.
Бас әскери прокуратура басқа деректерді жариялаған жоқ.
ҚЫЗМЕТ ЖОЛЫ
Данияр Тараздан 2025 жылдың 9 желтоқсанында әскерге шақырылған. Қызмет еткеніне бір ай да толмаған. Туыстарының айтуынша, ол ішінің қатты ауырғанына байланысты ауруханаға түскен. Бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатып, дәрігерлердің көмегіне қарамастан қайтыс болды. Марқұмның денесі отбасысына 6 қаңтарда тапсырылды.
АЛДЫҢ АЛА СЕБЕП
Ұлттық гвардияның баспасөз қызметі сарбаздың қызмет барысында медициналық көмекке жүгінгенін және тексерулерден өткенін хабарлады. Алдын ала себеп – жедел лейкоз.