Еуропалық Одақ АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияны бақылауға алу әрекеттеріне қарсы бірнеше нұсқа әзірлеп жатыр. Politico дерегінше, Брюссельдің жоспары қосымша қаржыландырудан бастап НАТО аясындағы компромиске дейін қамтиды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫ АРТТЫРУ
Еурокомиссияның жобасына сәйкес, ЕО 2028 жылдан бастап жеті жыл ішінде Гренландияға 530 миллион еуро бөлуі мүмкін. Бұған қоса, арал қосымша 44 миллион еуроға өтініш бере алады. Қазір Дания бөлетін қаржы әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, білім және экологияға жұмсалса, жаңа жоспар бойынша минералды ресурстарды игеру де қарастырылмақ.
САУДА ШАРАЛАРЫ
ЕО АҚШ-тың саудадағы дискриминациясына жауап ретінде қарсы шара енгізуі ықтимал. Бұл механизм 2025 жылы кейінге қалдырылған, бірақ Трамп Гренландияға қатысты қадам жасаса, іске қосылуы мүмкін.
НАТО КОМПРОМИССІ
Альянс "Арктикалық страж" бағдарламасын іске қосу мүмкіндігін талқылауда. Бұл Арктикадағы әскери жаттығуларды күшейтуге, шығындарды арттыруға және қауіпсіздік үшін әскер орналастыруға бағытталмақ. Егер Дания сұраса, Еуропа елдері Гренландияға өз контингентін жіберуі мүмкін.
АҚШ ЖОСПАРЫ
Politico дерегінше, АҚШ 2026 жылдың соңына дейін Гренландияны бақылауға алуды көздейді. Ақ үй "еркін ассоциация" келісімін дайындап жатыр. Бұл келісім арқылы АҚШ әскері аралда толық еркіндікке ие болып, саудада жеңілдік алады. Мұндай келісімдер АҚШ-тың Тынық мұхитындағы бірнеше елмен бұрыннан бар.
САЯСИ ҚАРСЫЛЫҚ
Time журналының хабарлауынша, АҚШ-тағы республикашылдардың бір бөлігі Трамптың Гренландияға қатысты жоспарына қарсы шықты. Конгрессмен Дон Бэкон CNN арнасына:
«Бұл масқара. Гренландия – НАТО одақтасы, Дания – біздің ең сенімді достарымыздың бірі. Оларға қысым жасау – қорлау», – деді.
ДАНИЯНЫҢ ҰСТАНЫМЫ
Дания билігі Гренландияға қысымды қабылдамайтынын мәлімдеді. Арктика аймағы өз болашағын өзі шешуі тиіс.