Арзан билет шенеунікке, қымбаты халыққа ма? Air Astan төңірегінде дау шықты

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Air Astana айналасындағы дау қарапайым қызметкерлерге қатысты іс емес екені белгілі болды. Желіде тараған хат алмасулардан компания ішінде арнайы адамдарға арзан әрі тапшы әуе билеттері берілген жүйе болғаны көрініп отыр.

Бұл билеттер топ-менеджерлердің туыстарына, кейбір шенеуніктерге және «керек адамдарға» арналған. Сол үшін қарапайым жолаушылар билетті қымбат бағаға алуға мәжбүр болған не ұша алмай қалған кездер болған.

КОНТЕКСТ

2024 жылдың соңында тексеру кезінде Air Astana кассасынан 1 миллиард теңгеден аса қаржы жетіспейтіні анықталған. Осыдан кейін FlyArystan компаниясының (Air Astana-ның еншілес ұйымы) бірнеше қызметкері ұсталып, іс сотқа жеткен.

Сол істе айыпталушылардың бірі Ренат Абулханов ашық мәлімдеме жасап, билеттерді белгілі адамдарға жоғарыдан берілген тапсырмамен сатқанын айтты. Әлеуметтік желіге шыққан хат алмасуларда билеттердің Питер Фостердің жұбайына, бір министрге, көлік прокурорына және басқа адамдарға арнайы ашылғаны көрсетілген.

Кейбір рейстерде тіпті орын болмаса да билет сатылған. Соның салдарынан қарапайым жолаушылар ұшаққа кіре алмай, басқа рейске ауыстырылған немесе билет қайтаруға мәжбүр болған.

ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің айтуынша, егер бұл деректер расталса, бұл көп жылдан бері жұмыс істеп келген үлкен сыбайлас жүйе болуы мүмкін.

— Air Astana – мемлекеттің де үлесі бар компания. Ал егер онда ақша бақылаусыз кеткен болса, бұл кездейсоқ емес. Себебі сол арзан билеттерді шенеуніктердің өздері пайдаланып отырған, — деді ол.

Оның айтуынша, әуе компаниясына тиімді болатындай заңдар да өзгертілген.

— Бірнеше жыл бұрын авиация саласы тұтынушыларды қорғау заңынан шығарылды. Сол кезде бақылау әлсіреді. Осыдан кейін компания тарифтерді көтеріп, адамдарды қымбат билет алуға мәжбүрледі, — дейді депутат.

ІСТІҢ АРТЫНДА ТҰРҒАНДАР

Әбенов бұл істің артында жай қызметкерлер емес, ықпалды адамдар тұрғанын айтады.

— Министрлер, комитет басшылары, прокурорлар – бәрі осы жүйемен байланысты болуы мүмкін. Қазір шыққан деректер – солар үшін үлкен соққы, — деді ол.

Депутат бұл мәселеге байланысты Бас прокуратураға, ҰҚК мен Көлік министрлігіне сұрау жолдайтынын айтты.

Air Astana әзірге бұл іске пікір білдірмей отыр. Питер Фостердің жұбайы да жауап бермеген.