Ұтыс ойнатқан блогерлер қомақты айыппұл төлеп жазаланды

Сырым Қаржас
коллаж: Ulysmedia

Қазақстанда әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойындары мен лотереялар ұйымдастырған 100-ден астам адам ірі көлемде айыппұлға тартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Спорт министрлігінің дерегінше, 2025 жылы Қазақстанда заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін 121 адамға айыппұл салынған. Жалпы сомасы — 49,9 млн теңге. Министрлік көбіне әлеуметтік желілердегі заңсыз ұтыс ойындары мен түрлі акцияларға қатысты шара қолданған.

— Заңсыз ұтыс өткізгендерге хабарламалар жіберіліп, офлайн және онлайн форматта түсіндіру кездесулері өткізілді. Әлеуметтік желілерде ұтыс ұйымдастырған аккаунттардың тізімі министрліктің ресми сайтында жарияланды, — деп хабарлады ведомство.

Айыппұлды өз еркімен төлемегендерге қатысты сот процестері басталды.

ТІЗІМДЕ КІМДЕР БАР

Жазаланған блогерлер тізімінде танымал адамдар бар. Оның ішінде, блогер әрі кәсіпкер Дархан Жолшыбек 445-1-баптың 6 бөлігі бойынша жазаланып, 393 200 теңге айыппұл төлеген. 

Блогер Нұртаза Нұрбек 445-1-баптың 6 бөлігімен жазаланып, 1 179 600 теңге айыппұл салынған. Әйелі Амина да жазаланып, 825 720 теңге айыппұл салынған. 

Дәл осы соммадағы айыппұл “супер мамасита” лақап атымен белгілі Әлия Байтугаеваға салынған. 

Блогер Қайсар Қамза 445-1-баптың 6 бөлігімен жазаланып, 1 179 600 теңге айыппұл арқалаған. 

ЖАЗА

Туризм министрлігі Қазақстанда кең тараған әлеуметтік желідегі ұтыс ойындары заңсыз лотерея ұғымына кіретінін еске салды. Бұл — әкімшілік жауапкершілік көзделген құқықбұзушылық. Мұндай акцияларды ұйымдастырушылар үшін айыппұл мөлшері жеке тұлғаларға — 100 АЕК (2026 жылы 432,5 мың теңге), ал шағын бизнес субъектілеріне — 300 АЕК (1 млн 297,5 мың теңге) болуы мүмкін. Бір жыл ішінде қайта заң бұзса, айыппұл көлемі ұлғаяды: азаматтар үшін — 200 АЕК, шағын кәсіпкерлер үшін — 750 АЕК.