Тәуелсіз экономист Рақымбек Әбдірахманов шетелдік компанияларды "қаржыландыруды тоқтату қажет" деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Әбдірахмановтың айтуынша, Қазақстандағы ең ірі 10 салық төлеуші компания жыл сайын операциялық шығындарға 50-60 млрд доллар жұмсайды, оның 90 пайызы шетелге кетеді. Экономистің дерегінше, тек "Самұрық-Қазына" қорының өзі шамамен 12 трлн теңгені, негізінен шетелдік жабдықтар сатып алуға бағыттайды.
Экономистің пікірінше, егер халық пен бизнес тарапынан шетелге кетіп жатқан осы қаражаттар ішкі нарыққа бағытталса, бұл Қазақстан экономикасына қосымша 30 млрд доллар әкеліп, отандық кәсіпкерлердің дамуына серпін берер еді.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Біздің кәсіпкерлердің айтуынша, бұл қаржының 90 пайызы шетелге кетеді. Егер осы ақшаны ішкі нарыққа, отандық өндірушілерге бағыттасақ, тіпті оның жартысы ғана ел ішінде қалса да, бұл Қазақстан экономикасына 30 млрд доллар инвестиция деген сөз. Осының арқасында девальвациядан құтылар едік , өйткені ай сайын 2,5 млрд доллар елде қалады, шетелге кетпейді, – деді Рақымбек Әбдірахманов Dosym Besbay жүргізетін Lighthouse YouTube-арнасының эфирінде.