Қазақстанда былтыр іздеуде жүрген 1,6 мыңнан астам қылмыскер ұсталды

Сырым Қаржас
Pexels.com

2025 жылы елде қылмыс саны 6 мыңнан астам қылмысқа азайды. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Сәденов айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әсіресе кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, ұрлық, бұзақылық және басқа да ауыр, аса ауыр қылмыстар бойынша айтарлықтай төмендеу байқалды.

Сондай-ақ қоғамдық орындарда және көшелерде жасалатын қылмыстардың саны азайып, қару қолдану арқылы жасалатын қылмыстар, бұрын сотталған адамдар тарапынан жасалатын қайталама құқық бұзушылықтар төмендеді. Қылмыстың барлық түрі бойынша, оның ішінде аса ауыр қылмыстарды ашу деңгейі 98%-ға дейін артты.

– Өткен жылдары жасалған 2,7 мыңнан астам қылмыс ашылды. Бұл қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету жолындағы ішкі істер органдарының ұстанымын көрсетеді, – делінген хабарламада.

2025 жылы полиция іздеуде жүрген 1,6 мыңнан астам қылмыскерді ұстады. Сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен 20 мыңнан астам азаматтың жүрген жері анықталып, олар отбасыларына қайтарылды. Жәбірленушілердің құқықтары қамтамасыз етіліп, оларға келтірілген залал бойынша шамамен 60 млрд теңге өтелді.