Норвегия Украинаға 340 миллион еуро бөлді

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Норвегия Украинаға 340 миллион еуро көлемінде жедел көмек бөледі. Бұл туралы елдің сыртқы істер министрі Эспен Барт Эйде Киевке жасаған сапарында мәлімдеді. Қаражат энергетика саласын қолдауға және мемлекеттік бюджетке бағытталмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАРЖЫНЫҢ МАҚСАТЫ

Норвегия үкіметінің ресми хабарламасында бұл қаржы мұғалімдерге, дәрігерлерге, мемлекеттік қызметкерлерге жалақы төлеуге, сондай-ақ зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыларды қамтамасыз етуге жұмсалатыны айтылған. Бұл бағыттар Норвегия үшін басымдық саналады, ал Киев дәл осы салаларға қолдау сұраған.

ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре: «Энергетика, инфрақұрылым, денсаулық сақтау және білім беру сияқты негізгі қызметтерді қолдау үшін халықаралық қауымдастықтың көмегі қажет» деп атап өтті.

КИЕВТЕГІ КЕЗДЕСУ

Эспен Барт Эйде баспасөз мәслихатында Украина инфрақұрылымына жиі шабуыл жасалып жатқанын, қарапайым халық электр жарығының өшуінен қатты зардап шегіп отырғанын айтты. «Электр жүйесін қалпына келтіруде олар үлкен күш жұмсап жатыр, бірақ оған қолдау қажет» деді ол.

УКРАИНА ТАРАПЫНЫҢ ПІКІРІ

Украина сыртқы істер министрі Андрей Сыбига Норвегиямен одақтастық қатынастың маңызын атап өтті. Ол X әлеуметтік желісінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты, бейбітшілікке жету жолдарын және елдің қорғаныс пен тұрақтылығын талқылауды жоспарлап отырғанын жазды.