Атыраудағы қанды оқиға: отбасының қызына халықаралық іздеу жарияланды

Ілияс Бақыт
Ашық дереккөзден

Атырау облысында қайын атасы мен қайын енесін өлтірді деген күдікке ілінген ер адам халықаралық іздеуге жарияланды. Оның жары – қаза болғандардың қызы Акбаян Мұқанғалиева да халықаралық деңгейде іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

РЕСМИ МӘЛІМЕТ

7 қаңтар күні прокуратура әйелге қатысты хабарландыру жариялап, оны ресми түрде із-түзсіз жоғалғандар қатарына қосқан еді. 

«Халықаралық іздеу жарияланған екі адам бар: ер адам – қылмыс жасады деген күдікпен, әйел адам (Акбаян Мұқанғалиева) – хабар-ошарсыз жоғалған ретінде», – деп көрсетілген полицияның ресми хабарламасында.

Атырау облыстық полиция департаменті отбасының кенже қызына қатысты ешқандай күдік жоқ екенін атап өтті. Ол қылмысқа қатысы бар тұлға ретінде қарастырылмайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әңгіме зейнеткер ерлі-зайыптылардың күйеу баласы — Сұлтан Сәрсемәлиев туралы болып отыр. Марқұм ерлі-зайыптының мәйіттері қорадағы еденнің астынан табылған.

Полицияның мәліметінше, Сәрсемәлиев Сұлтан Самиғоллаұлы бір тәуліктен бері іздеуде.

  • Туған күні: 1996 жылғы 24 сәуір

  • Қазақстан Республикасының азаматы

Іздестіруді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі бастаған. Оперативтік іс-шараларды Атырау облысының полиция департаменті жүргізіп жатыр. Байланыс телефоны: 98-21-55.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске салайық, 2025 жылдың қазан айынан бері Жангелдин ауылының тұрғындары Мақсот Қарабалин, оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиева және балалары Мирагүл мен Наурыз туралы ешқандай ақпарат жоқ. Туыстарының айтуынша, отбасы аяқ асты жоғалып кеткен және содан бері байланысқа шықпаған.

6 қаңтарда екі мәйіт табылып, 7 қаңтарда жерлеу рәсімі өтті.