Қазақстандық азаматтық белсенді Вадим Курамшин Қостанай облысындағы «Амангелді» туристік кешенінің пантеонынан Салтанат Нүкенованың аты жазылған мемориалдық тақта алынып тасталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның айтуынша, бұған дейін ол бұл тақтаны тарихи тұлғалардың есімдерімен қатар қою идеясын ашық түрде сынға алған. Сол жазбасынан кейін, Курамшиннің сөзіне қарағанда, жергілікті билік өкілдері онымен байланысқа шығып, тақтаның алынып тасталғанын хабарлаған. Ол өзіне түскен ақпаратқа сүйене отырып, жобаны меценат Сапар Ысқақов демеушілік қаражат есебінен жасағанын және ол елге үлес қосқан адамдардың рухына арналған естелік орын ретінде ойластырылғанын айтты. Сонымен қатар, Курамшин мұндай шешімдер қоғаммен талқылануы тиіс, ал іріктеу шарттары түсінікті әрі ашық болуы керек деп есептейді.
КОНТЕКСТ
Еске салайық, 2025 жылдың қазанында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың есімі «Амангелді» кешенінің пантеонындағы «Ұлттық жады қабырғасына» енгізілген еді. Ол кезде тақтаның меценаттың бастамасымен орнатылғаны хабарланған. Бұл қабырғада тарихи тұлғалардың 296 есімі жазылған тақталар орналасқан.