Халық жалақысының бәрін тамақ пен жолақыға жұмсап отыр

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Экономист Марат Қайрленовтің айтуынша, Қазақстандағы дағдарыс ең ауыр сценарий бойынша өрбіп келеді. Қазір ел азаматтарының басым бөлігі табысының негізгі бөлігін тек күнкөріске жұмсауға мәжбүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Не болып жатыр?

Сарапшының мәліметінше, инфляция мен салық реформасы қазақстандықтардың 90%-ының қалтасын қағып отыр. Бұл адамдар табысының шамамен 60 пайызын тек азық-түлікке жұмсайды. Ал қалған ақша коммуналдық төлемдер мен жолақыға кетеді. Мұндай шығын құрылымы 1990-жылдардағы дағдарысты еске салады.

Марат Қайрленовтің айтуынша, нақты табыстың төмендеуі жалғаса берсе, халықтың тұтыну құрылымы одан әрі нашарлай түседі.

— Дағдарыс жұмсақ сценариймен емес, ең ауыр нұсқамен жүріп жатыр. Нақты табыстың құлдырауы күшейе береді. Ал бұл неге әкеледі? Адамдардың табысы бір ай, екі ай, үш ай, тіпті бес ай қатарынан азайса, олардың шығын құрылымы өзгереді. Қазір 90% азамат табысының шамамен 52%-ын тамаққа жұмсайды. Ал табыс 10%-ға азайса, бұл үлес 60%-ға дейін өседі. Бұл — 90-жылдардағы жағдай: ақша тек тамаққа, коммуналдық төлемдер мен жолға ғана жетеді, — деді экономист TengeTalks-қа берген сұқбатында.