Питер Фостердің жұбайы Air Astana төңірегіндегі жанжалға пікір білдірді

Сырым Қаржас
Фото: instagram

Әуекомпания басшысының жұбайы Татьяна Фостер алғаш рет аты аталған «өз адамдарына билет» дауына қатысты ашық мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КОНТЕКСТ

Жанжалға FlyArystan әуе компаниясының бұрынғы қызметкері Ренат Абулханов жариялаған жазбалар себеп болды. Ол хат алмасулардың скриншоттарын жариялап, онда Татьяна Фостердің өзі мен анасы үшін ең арзан тарифтерге қолмен қолжетімділік ашуды сұрағаны айтылған. Абулхановтың сөзінше, осындай өтініштер «керек ортаға» кіретін өзге адамдардан да түскен.

Бұл мәліметтер қоғамда үлкен резонанс туғызды. Пайдаланушылар тапшы әрі жеңілдетілген билеттердің таңдаулы адамдарға ғана берілгеніне наразылық білдірді. Қорғау тарапының уәжіне сәйкес, олардың қатарында шенеуніктер мен күштік құрылым өкілдері болған, ал қарапайым жолаушылар билеттерді жоғары бағамен сатып алуға мәжбүр қалған. Сонымен қатар, хат алмасулардан билеттер толық жүктелген рейстерге де рәсімделгені байқалады. Айыптау нұсқасына сай, бұл қолдан жасалған овербукингке әкеліп, қарапайым жолаушылардың ұшаққа отырғызылмауына себеп болған.

“ЖАЛҒАН АҚПАРАТ”

Татьяна Фостер өз отбасына қатысты «жалған ақпарат кеңінен таратылғанын» мәлімдеді. Оның айтуынша, ол бұл іске қатысты ұзақ уақыт бойы әдейі пікір білдірмеген.

— Мен әдейі жария пікірталастардан бойымды аулақ ұстап, соттың құқықтық бағасын күтуді жөн көрдім. Фактілерге сүйеніп, тек сот шешімімен ғана сөйлеуді дұрыс санадым, — деп жазды ол Instagram желісінде.

Мұндағы үкім деп ол ұрлау және ақшаны заңдастыру ісі бойынша қозғалған қылмыстық істі меңзеген. Бұл іс аясында FlyArystan-ның үш бұрынғы менеджері сотталған: Ренат Абулханов пен Еркін Исанов 8,5 жылға, ал Дәурен Еркенұлы 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Барлығының мүлкі тәркіленді.

ЖАУАПСЫЗ ЖАУАП

Сонымен қатар, Татьяна Фостер қоғамда қызу талқыланып жатқан негізгі айыптауларға нақты түсініктеме берген жоқ. Оның мәлімдемесінде «өз адамдарына билет» тәжірибесі, арзан тарифтерді нақты адамдар үшін қолмен ашу, овербукинг салдарынан жолаушыларды рейске отырғызбау жағдайлары, сондай-ақ авиакомпания басшысы Питер Фостердің жұбайы ретіндегі мәртебесін пайдаланды деген айыптауларға тікелей жауап жоқ.

Іс жүзінде оның реакциясы Air Astana ұстанымын қолдаумен және сот үкіміне сілтеме жасаумен шектелді. Ал жанжалдың ең өзекті, қоғамды алаңдатқан тұстарына қатысты түсіндірме берілмеді.