ЕО Гренландияға байланысты АҚШ-қа қарсы жауап дайындап жатыр

Сырым Қаржас
Getty Images

Еуропалық одақ АҚШ-тың Гренландия мәселесіне қатысты әрекеттеріне жауап ретінде қарсы баж салығын енгізуі немесе америкалық компаниялардың өз аумағындағы қызметін шектеуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Егер Дональд Трамп ЕО-ға мүше сегіз елге қатысты 10 пайыздық тариф енгізу жоспарын жүзеге асырса, жауап шаралары қабылданады. Бұл елдер Гренландия мәселесінде Вашингтон ұстанымына қарсы көзқарас білдірген.

Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштаның айтуынша, жақын күндері Брюссельде ЕО елдері көшбасшыларының кезектен тыс саммиті өтеді. Онда АҚШ-тың қадамдарына одақтың ортақ жауабы талқыланады, деп жазады DW.

18 қаңтарда кешке Еуроодақ елдерінің елшілері шұғыл жиын өткізді. Кездесу барысында АҚШ-қа қарсы жауап шараларының түрлі нұсқалары қарастырылғанымен, әзірге нақты шешім қабылданған жоқ.

Reuters агенттігінің мәліметінше, талқыланып жатқан шаралардың қатарында америкалық тауарларға баж салығын енгізу бар. Олардың ішінде виски, авиациялық бөлшектер, соя және құс еті бар. Жалпы көлемі шамамен 93 млрд еуроны құрауы мүмкін. Мұндай шектеулер автоматты режимде енгізілуі ықтимал.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропаның сегіз еліне қарсы баж салығын енгізетінін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, бұл шаралар Гренландияға бақылау орнату мәселесінде «АҚШ-қа қарсы әрекеттерге жауап» ретінде қабылданады.