Енді жеке мектептер тек нақты қажет өңірлерде ғана ашылады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанда жеке мектептерге қойылатын талаптар кезең-кезеңімен қатаңдатылып келеді. Енді мұндай білім беру ұйымдарын кез келген жерде ашуға рұқсат берілмейді — жеке мектептер тек оқушы тапшылығы немесе мектеп жетіспеушілігі анықталған өңірлерде ғана іске қосылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Арнайы лицензия негізінен үш ауысыммен оқыту мәселесін шешу немесе апатты жағдайда тұрған мектептердің орнын алмастыру үшін ғана берілмек, деп жазады КТК. Осы арқылы мемлекет жекеменшік секторды нақты әлеуметтік қажеттілікке бағыттауды көздеп отыр.

Оқу-ағарту министрлігі жеке мектеп құрылтайшыларының жауапкершілігін де күшейтуді жоспарлап отыр. Бұдан былай білім ордасының басшысын тағайындау тек құрылтайшының еркімен шешілмейді. Мектеп директорын бекіту кезінде министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың келісімі міндетті түрде ескеріледі.

Қазіргі таңда ел аумағындағы 785 жеке мектептің барлық құжаттары толық цифрлық форматқа көшірілген, бұл бақылау мен есептілікті күшейтуге мүмкіндік береді.