Германияда қаза тапқан судьяның анасы Тоқаевтан көмек сұрады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Айгүл Сайлыбаеваның анасы Шолпан Батқалова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көмек сұрап, күдіктілерді елге экстрадициялау ісіне араласуын сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әйелдің айтуынша, қызының өліміне қатысы бар адамдар әлі күнге дейін жауапкершіліктен жалтарып жүр.

— Айгүл 2024 жылғы 4 маусымда қаза тапты. Оның денесі 30-дан астам пышақ жарақатымен тек 13 күннен кейін көлден табылды. Германия полициясы марқұмның денесі табылардан екі сағат бұрын ғана көлге әкелінгенін анықтады. Тергеу дерегінше, негізгі күдікті — Айгүлдің енесі Донцова Наталья. Қызым жоғалғаннан кейін ол Германиядан асығыс кетіп қалған, — деді Шолпан Батқалова.

Сондай-ақ Айгүлдің күйеуі Александр Донцов әйелінің жоғалғаны туралы полицияға хабарламаған. Тергеу органдары марқұмның денесін көлге апаруы мүмкін адам ретінде дәл соны қарастырып отыр. Ал олардың туысы Владимир Василенко сыбайласы болуы мүмкін. 

— Қазақстанда қылмыстық іс қозғалды. Алайда күдіктілер Ресей аумағында жүргендіктен, тергеу әрекеттерін жүргізу мүмкін болмай отыр. Оларды Қазақстанға экстрадициялау қажет. Жуырда Донцовтардың Мәскеуде жүргені анықталды. Менің кәмелетке толмаған немерем Жаклин қазір анасын өлтіргендермен бірге тұрып жатыр деп ойлаймын. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Ресей тарапымен дипломатиялық келіссөздер жүргізіп, Донцовтарды Қазақстанға экстрадициялауға жәрдемдесуіңізді сұраймын, — деді марқұмның анасы.

КОНТЕКСТ

2025 жылдың қарашасында Қазақстан Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодекстің 110-бабы — «Азаптау» бойынша тергеу басталғанын хабарлаған болатын. ІІМ орынбасары Санжар Әділовтың айтуынша, іске марқұмның туыстарының өтініштері негіз болған.

Сонымен қатар, Германияда «қасақана адам өлтіру» бабы бойынша тергеу жалғасып жатыр. Желтоқсан айының соңында Александр мен Наталья Донцовтардың Мәскеуде ұсталғаны белгілі болды. Бұл туралы марқұмның ағасы Қанат Сайлыбаев мәлімдеген.

Айгүл Сайлыбаева 40 жаста еді. Ол Ұлыбританияда білім алып, Астанада судья қызметін атқарған. Соңғы жылдары отбасымен Германияда тұрған. 4 маусым күні таңертең екі жасар қызын балабақшаға апарып, сол күйі хабарсыз кеткен. 12 күннен кейін оның мәйіті табылды. Қазіргі уақытта бала әкесімен бірге тұрып жатыр.