Алматыда Kundelik.kz пен BilimClass арасындағы дау басылар емес. Биылдан бастап 200-ден астам мектеп бір платформадан екіншісіне ауысқан. Бұл жағдай ата-аналар мен педагогтар арасында резонанс тудырған. Бүгін Kundelik.kz компаниясының директоры баспасөз мәслихатын өткізіп, жағдайға байланысты өз ұстанымын айтты. Оның сөзінше, 8 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Kundelik.kz-ті бір-ақ сәтте, ешқандай ескертусіз BilimClass платформасына ауыстырған. Ол бұнымен келіспейді, деп хабарлайды Ulysmedia.
Kundelik.kz компаниясының директоры Мұхтар Ілиясовтың сөзінше, мектептерді бір платформадан екіншісіне ауыстырған уақытта заң талаптары бұзылған. Ол оқу жылының ортасында платформа ауыстырудың өзі оқушылар мен педагогтарға салмақ салады дейді.
«Платформа ауыстыру біздің ойымызша, заңсыз жасалған. Себебі қалалық білім басқармасы мен балама жүйе арасында ешқандай заңдық құжаттарға қол қойылмаған. Бұған қоса, бұның барлығы тегін делінеді. Бірақ мемлекеттік сатып алулар порталына кірсек, біз көреміз, тегін ешнәрсе жоқ. Бұл істерге мемлекеттік бюджеттің қаржысы жұмсалып жатыр», – деді ол.
Мұхтар Ілиясов Kundelik.kz платформасындағы деректер түсініксіз жағдайда жаңа BilimClassплатформасына көшірілген дейді. Оның ішінде Kundelik.kz-ке тиесілі авторлық бағдарламалар да бар.
Ілиясов Kundelik.kz бюджеттен ешқандай қаржы алмайды деді. Оның сөзінше, платформаның ақылы және тегін бөлігі бар. Компания ақылы бөлімнен пайда табады. Осы арқылы өзге қолданушыларға тегін платформа ұсынып отыр.
«Бізде дербес ақпарат заңы бұзылды. Оны сақтау заңы бұзылды. Мемлекеттік сатып алулар дейміз, ол да жасалған жоқ. Сондықтан біз өз репутациямызды сақтау үшін, сегіз жыл атқарған жұмысымыздың нәтижесінің адал екенін дәлелдеу үшін сотқа бердік», – деді ол.
Ол оқу-ағарту министрлігінен келген хатты да ұсынды. Онда министрліктің оқу жылының ортасында платформа алмастыруға кеңес бермейтіндігі жөнінде айтылған.
Kundelik.kz компаниясына Алматы қаласының білім басқармасы да жауап берген. Бірақ онда да оқу жылының ортасында не себепті мектептердің бір платформадан екінші платформаға ауысқаны туралы нақты жауап жоқ.
Ілиясов Kundelik.kz жүйесіндегі деректер ашық жарияланып кетті деген ақпаратты жоққа шығарды. Сөзінше, ондай ақпаратты әлдебіреулер мақсатты түрде әдейі таратқан. Бірақ олардың нақты кім екенін айтпады. Бұған дейін телеграм арналарда платформадағы оқушылардың жерек деректері ашық жерияланып кеткені туралы ақпарат тараған болатын
Компанияға салынған айыппұлға қатысты Мұхтар Ілиясов былай деп жауап берді:
«Бізге не үшін айыппұл салды? Себебі бізден 2016 жылғы тіркеу рәсімдерінің логтары не үшін сақталмағаны үшін бізге айыппұл салды. Бірақ біз өз аргументімізді айттық. Егер бізге мемлекет сондай сервер берсе, біз сегіз жылдық логтарды сақтағанымызды дәлелдей алатын едік. Бірақ оны құзырлы органдар оны құлағына қыстырған жоқ. Сол үшін біз айыппұлды төледік. Енді біз ресми органға жаздық, сегіз жыл сақтайтындай сервер беріңдерші, біз сонда логтарды сақтай аламыз деп. Мемлекет бізге қандай сервер береді, біз сол серверді қолданамыз. Барлық ақпарат сонда сақталады», – деді ол.
Компания директоры платформадағы деректер базасына қатысты сұрақтарға да түсініктеме берді. Бұған дейін Kundelik.kz-ке ресейлік инвесторлардың қатысы бары, соған байланысты деректер көрші елге кетіп жатуы мүмкін деген болжамдар айтылған болатын.
Мұхтар Ілиясов компания акционерлері арасында Ресей азаматтары барын жоққа шығармады. Бірақ акцияның негізгі пакеті Қазақстанда екенін айтты.
«Kundelik.kz платформасындағы деректердің барлығы Қазақстанда сақталған. Астанадағы министрліктер үйінде орналасқан деректерді өңдеу орталығында (Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ). Деректерді трансшекаралық жолмен беру мүмкін емес. Бір бірыңғай интернет шлюзі арқылы жұмыс істейміз. Әрбір үш ай сайын бізді тексереді», – деді Мұхтар Ілиясов.
Ulysmedia Kundelik.kz пен BilimClass платформасына қатысты бұған дейін де бірнеше рет жазған. Мақаланы мына жерден оқи аласыз: «Күнделік пен BilimClass: платформалар тартысындағы «мұғалім – ата-ана – бала» мүддесі неге ескерілмейді?»