Франция президенті Эммануэль Макронның кеңсесі НАТО-ның әскери жаттығуларын Гренландия аумағында өткізуді ұсынды. Бұл – Данияға қарасты автономия, ал АҚШ президенті Дональд Трамп оны қосып алғысы келетінін ашық мәлімдеген. Франция, Дания және Америка Құрама Штаттары НАТО құрамына кіреді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Францияның ұсынысы АҚШ билігінің Гренландияны қосып алу ниеті туралы мәлімдемелерінен кейін жасалды. Париж жаттығуларды ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Бұл туралы 21 қаңтар күні Франция президентінің кеңсесіне сілтеме жасаған AFP агенттігі хабарлады.
ДАВОС ФОРУМЫ АЛДЫНДАҒЫ ҰСЫНЫС
Ұсыныс АҚШ президенті Дональд Трамптың Швейцарияның Давос қаласына Дүниежүзілік экономикалық форумға келуінен бірнеше сағат бұрын жарияланды. Форумда америкалық көшбасшы тағы да Гренландияны сатып алу тақырыбын көтереді деп күтілуде. Бұл бастамаға арал тұрғындары, Дания және басқа еуропалық мемлекеттер қарсы. АҚШ пен Дания НАТО мүшелері болғандықтан, бұл дау әскери одақ ішінде алауыздық тудыруы мүмкін екенін AFP атап өтті.
ГРЕНЛАНДИЯДА ӘСКЕРИ ЖАТТЫҒУЛАР ӨТКЕН
Қаңтар айының басында Дания ұйымдастырған Arctic Endurance («Арктикалық төзімділік») жаттығуларына Еуропаның бірнеше елі қатысты. Олардың қатарында Германия, Норвегия, Швеция және Ұлыбритания бар. Германия Гренландияға бундесвердің барлау тобын жіберді. БАҚ дерегінше, бұл топ Данияға әскери қолдау көрсету мүмкіндігін зерттеу үшін барған.
Осы жағдайдан кейін АҚШ президенті 16 қаңтарда Гренландияға әскер жіберген елдерге 1 ақпаннан бастап 10 пайыздық кедендік баж салығын енгізетінін ескертті. 17 қаңтарда 15 неміс әскери қызметкері аралдан шықты. Германия Қорғаныс министрлігі миссия мерзімінен бұрын тоқтатылмағанын мәлімдеді.
МАКРОН ДАВОСТА: ЕУРОПА АҚШ ҚОРҚЫТУЛАРЫНА БОЙ ҰРМАЙДЫ
Дүниежүзілік экономикалық форумда сөз сөйлеген Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропа АҚШ-тың қысымына көнбейтінін айтты. Оның сөзінше, Еуропа «күшті заңын үнсіз қабылдамайды», өйткені мұндай әрекет оны «вассалдыққа» әкеліп соғады.