Марқұм Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай желіде тарап кеткен видеоларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АЛЫП ҚАШҚАННАН КЕЙІНГІ ВИДЕО
Айта кетейік, әлеуметтік желіде Нұрай күдікті Шерханның үйіне өз еркімен келді деген видео тараған болатын.
- Алып қашқан кезінде негізінен қара көлікпен шыққан, басқа маркалы көлік болған және Нұрай үй киімімен шыққан. Ал видеода көлік ақ түсті және маркасы басқа. Нұрай бір өзі болған. Жанындағы 50 адам сырт жақтың адамдары. Видеода күліп тұрған Нұрай емес. Оның алдында тұрған басқа кісі. Соңында Нұрай қарсыласып орамалын шешіп тастамақ болған, яғни оның қаламағаны көрініп тұр, – дейді Сұлтан Серікбай.
ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНДЕ ТҮСІРІЛГЕН ВИДЕО ТУРАЛЫ
Сонымен қатар, Сұлтан Нұрайдың полиция бөлімінде түсірілген видеосы туралы да пікір білдірді. Видеода марқұм Нұрай күдіктіге арыз жазбайтынын айтқан.
- Нұрайдың барынша шаршаңқы, моральдық тұрғыда өз деңгейінде емес екенін (пайдаланып), сол үшін барынша қысым көрсетіліп, манипуляция арқылы видеоны түсірткен. Нұрайдан бөлек бөлмеде бірнеше ер адам болған. Бізді кіргізбеді. Сол үшін барынша басынған, – дейді Сұлтан.
Сұлтан тергеушілердің Нұрайды видеоға түсіргені олардың отбасына ауыр тигенін айтады.
- Бұл – тергеу материалдары, оны әлеуметтік желіге салуға болмайды. Ол тергеу процесіне әсер етеді. Біз тергеуге толық сенеміз, – дейді Сұлтан Серікбай.
АЛЫП ҚАШУ
Еске сала кетейік, қызды өлтірді деген күдікке ілінген Шерхан Аймахан қазан айының басында Нұрайды Алматыдан Шымкентке өз үйіне алып кеткен. Ол жақтан Нұрайды жақындары полиция шақыртып алып кеткен. Видеоны тергеу барысында қызметтік салғырттық дерегі бойынша жұмыстан босатылған бұрынғы полиция қызметкері жариялаған.