Саясаттанушы Досым Сәтпаев Ресей билігінің қазіргі таңда ел ішінде де, сыртында да жаңа «жауларды» іздеуге кіріскенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жағдай Украинадағы соғыстан кейін мыңдаған «ардагердің» елге оралуымен тікелей байланысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Досым Сәтпаевтың сөзінше, Украинадағы соғыс қимылдарынан кейін Ресейге ондаған мың адам қайтып жатыр. Олардың қатарында соғыс тәжірибесі бар бұрынғы сотталғандар мен есірткіге тәуелді тұлғалар да бар.
Саясаттанушының айтуынша, енді Кремльді осы адамдардың агрессиясын қай бағытқа бұру мәселесі алаңдатып отыр. Осы себепті ол ресейлік пропагандистердің соңғы мәлімдемелеріне жеңіл қарамауға шақырады.
— Біз Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін не болғанын жақсы білеміз. Соғыс тәжірибесі бар адамдардың бір бөлігі қылмыс әлеміне кетті, енді бірі жалдамалы әскерге айналып, шетел асқан еді. Сондықтан қазір жаңа жауларды іздеуге қатысты жасалып жатқан барлық ақпараттық “шабуылға” өте байыппен қарау керек деп ойлаймын. Себебі Украинадағы соғыстан кейін Ресейде пайда болатын осы “ардагерлер” алып келуі мүмкін ішкі әлеуметтік жарылысты, жиналған теріс энергияны билік бір жаққа бағыттауға тырысуы әбден мүмкін, — деді Досым Сәтпаев Airan арнасына берген сұқбатында.
Саясаттанушының пікірінше, дәл осы фактор Ресейдің агрессиялық риторикасының күшеюіне және сыртқы саясаттағы қатқыл мәлімдемелердің артуына себеп болып отыр.