2022 жылдың наурыз айынан бері Ресейге көршілес елдер мен Еуроодақ аумағынан 75 млн доллардан асатын 214 премиум автокөлік жеткізілген. Бұл көліктер санкцияларды айналып өту жолымен Ресейге кіргізілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
TriTrace Investigations зерттеу бюросының анықтауынша, люкс санатындағы автокөліктер Ресейге параллель импорт тетігі арқылы жеткізілген. Ал соңғы алушылар қатарында санкцияға іліккен олигархтардың отбасы мүшелері, мемлекеттік тапсырыстармен жұмыс істейтін компаниялар және Ресейдің қорғаныс кәсіпорындарының басшылары болған.
Тергеу деректеріне сәйкес, бұл көліктер Еуроодақ пен Ұлыбритания енгізген шектеулерге қарамастан, үшінші елдер арқылы өткізілген.
ЕЛДЕР
Bentley, Ferrari, Lamborghini, Maserati және Rolls-Royce маркалы автокөліктердің жеткізілімі кемінде 15 ел арқылы жүзеге асқан. Олардың қатарында Қазақстан, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуроодақ елдері бар.
Жеткізілім тізбегін зерттеушілер доллар және еуромен жүргізілген қаржылық транзакциялар арқылы анықтағанын атап өтті.
НАРЫҚ
TriTrace Investigations мәліметінше, санкциялық қысым күшейгеніне қарамастан, Ресейдегі люкс автокөлік нарығы жұмысын жалғастырып отыр.
Осыған байланысты 2024 жылдан бастап Еуроодақ No Russia clause тетігін енгізген. Бұл механизм еуропалық экспорттаушыларды келісімшарттарға автокөліктерді Ресейге қайта сатуға тыйым салатын арнайы талапты міндетті түрде енгізуге міндеттейді.