Антикор «ҚТЖ-Жүк тасымалы» Шымкент филиалының басшысын тергеп жатыр

Ulysmedia

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент филиалының басшысы пара алды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Дәурен Ерғарин желіде мәлім етті.

Оның айтуынша, Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласының мамандары «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент филиалының басшысына және оның қарамағындағы бірқатар қызметкерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.

Олар пойыздарды қабылдаушы, кассир, вагондарды тексеруші-жөндеуші және тағы басқа лауазымдарға жұмысқа орналасу үшін жүйелі түрде пара бергені және алғаны үшін әшкереленген.

«Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды» - деп жазды Дәурен Ерғарин желідегі парақшасында.