АҚШ-тың Чикаго қаласында екі Қазақстан азаматы Medicare медициналық сақтандыру бағдарламасына қатысты ірі алаяқтық ісі бойынша жауапқа тартылып жатыр. Тергеу дерегінше, мемлекет пен сақтандыру компанияларына келтірілген шығын 1 млрд доллардан асады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әнуар Әбдірахманов не үшін айыпталып отыр?
Тергеу нұсқасына сәйкес, Қазақстан азаматы Әнуар Әбдірахманов АҚШ-тағы Priority One Medical Equipment атты компанияны өз бақылауына алып, оны жалған есепшоттар жолдау үшін пайдаланған, деп жазады cwbchicago.com.
2024 жылдың наурызынан тамызына дейін компания атынан Medicare жүйесіне глюкометр мен катетер жеткіздік деп, шамамен 666 млн доллар сұралған. Алайда тексеру кезінде бұл құралдардың көпшілігі адамдарға мүлде берілмегені анықталған.
Medicare жүйесіне осы компанияға қатысты 250-ге жуық шағым түскен. Кейбір азаматтар ешқандай медициналық құрал алмағанын айтса, енді біреулері тіпті қант диабетімен ауырмайтынын мәлімдеген.
Тергеу барысында компания кеңсесінің іс жүзінде жұмыс істемегені белгілі болған. Қызметкерлер тек хаттарды жинап, оларды Telegram арқылы бұрын көрмеген басшыға жіберіп отырғанын айтқан.
Прокурорлардың мәліметінше, алынған қаржының бір бөлігі шетелдегі есепшоттарға, соның ішінде Гонконгқа аударылған.
Таир Смағұлға тағылған айып
Екінші іс бойынша Қазақстан азаматы Таир Смағұл айыпталып отыр. Ол Чикаго маңында тұрған және Medical Home Care Inc. компаниясын басқарған.
Тергеу дерегінше, бұл компания катетерлер жеткіздік деп, Medicare мен қосымша сақтандыру ұйымдарына 953 млн доллар көлемінде жүздеген мың жалған өтінім жіберген. Бірақ көрсетілген қызметтердің басым бөлігі шын мәнінде орындалмаған.
Medicare жүйесіне бұл компания бойынша 27 мыңнан астам шағым түскен. Тексеру кезінде науқастар да, дәрігерлер де катетерлердің берілмегенін және тағайындалмағанын растаған.
Прокуратура Смағұл сақтандырудан түскен ақшаны қолма-қол шешіп алып, кейін компанияның есепшоттарын жауып, қаржыны жеке шотына аударғанын мәлімдеді.
Тергеу жалғасуда
Қазір екі қазақстандыққа қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр. АҚШ билігі бұл жағдайды Medicare жүйесіне қарсы жасалған ең ірі алаяқтық схемалардың бірі деп бағалап отыр.