Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҒЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАЛАДЫ
Заң жобасы 2025 жылғы 19 қазанда Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған.
Заң жобасы жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленген және еңбекті қорғауды басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Заң жобасы мыналарға бағытталған құқықтық нормаларды көздейді:
жұмыскерлерге диеталық тамақтануға арналған өнімдерді және емдік-профилактикалық тамақтануға арналған өнімдерді беру тәртібін бекіту бөлігінде еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның құзыретін кеңейтуге;
ұжымдық шартта тиісті кәсіп, ұйымдағы лауазым бойынша жалақының ең жоғары және ең төменгі мөлшері арасындағы жол берілетін арақатынас туралы ережені белгілеуге;
Келісу комиссиясының қызметіне делдалды тартуға;
жеке тұлғамен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасуға, онда еңбек қызметінің кем дегенде бір ерекше белгісі болған кезде тыйым салуды белгілеуге.
Сондай-ақ, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау қағидаларын бекіту бойынша құзыреттер енгізіледі.
Заң жобасы бойынша жұмыс барысында депутаттармен келесі түзетулер енгізілді:
- ұжымдық келісімшартқа жұмысқа байланысты апаттар жағдайларын қоса алғанда, жәрдемақы және өтемақылар төлеу тәртібі туралы норма енгізілді;
- еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау маманы ұйымның бірінші басшысына тікелей бағыныштылығы белгіленіп, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге жауапкершілік басшыға жүктелуі айқындалды.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Үкіметінің бастамасы бойынша заң жобасымен:
- Қазақстан Республикасының «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Заңына әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі қызметті лицензиялауға қатысты түзету қарастырылады;
- Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына маслихаттардың құзыретін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін пайдалану мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін үлгілік қағидалар негізінде әзірленген «Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы» атағын беру қағидаларын әзірлеу және бекіту мәселелерімен толықтыру қарастырылады;
- ереуілдер кезінде тоқтата тұруға болмайтын өндіріс түрлерін нақтылауға бағытталған нормалар ұсынылады.
ӘКЕНІҢ ДЕКРЕТТЕГІ УАҚЫТЫ ЕҢБЕК ӨТІЛІНЕ ЕСЕПТЕЛЕДІ
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында Әлеуметтік кодекске жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде жұмыс істемейтін әкенің жас балаларды күту уақыты еңбек өтіліне есептелуіне қатысты нақтылаулар енгізілді.
Заң Мәжілісте қабылданып, Сенаттың қарауына жіберілді.