Депутат шығыс медицинасы орталықтарына тексеру жүргізуді талап етті

Сырым Қаржас
ЖИ / ulysmedia.kz

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай шығыс медицинасы мен қытай медицинасы атауымен қызмет көрсететін орталықтарға қатысты алаңдаушылық білдіріп, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Депутаттың айтуынша, соңғы уақытта Астана қаласынан және өзге де өңірлерден шығыс медицинасы, ине терапиясы және мануалды терапия бағытында қызмет көрсететін орталықтарға қатысты азаматтардың шағымы көбейген.

Оның сөзінше, шағымдарда лицензиясыз немесе тиісті біліктіліксіз медициналық қызмет көрсету, санитариялық талаптардың сақталмауы, тіркелмеген препараттарды қолдану және ауыр диагноздарды «емдеуге» уәде беретін жаңылыстыратын жарнама фактілері көрсетілген.

Депутат кейбір орталықтардың қысқа мерзімде ашылып, атауын немесе мекенжайын өзгерту арқылы бақылаудан жалтарып кететінін атап өтті. Сондай-ақ өзін білікті дәрігер ретінде таныстыратын, бірақ тегі мен кәсіби негізі күмән тудыратын шетел азаматтарына да ерекше назар аударды.

- Әсіресе тегі-тамыры белгісіз, өзін білікті дәрігер ретінде жарнамалаған Қытай Халық Республикасының азаматтары төрт-бес ай халықты емдеген болып сеніміне кіріп, артынша емдеу орталығын жауып, “аңқау елге арамза емші” дегендей қалтасын қампайтып алып кетіп қалатындар да кездеседі, – деді депутат.

Аманжол Әлтайдың пікірінше, мұндай жағдайлар пациенттердің өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіріп, жалпы денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді әлсіретеді. Ол «дәстүрлі қытай медицинасы» атауымен ұсынылатын қызметтердің бір бөлігі заңнама бойынша медициналық қызметке жататынын, тиісінше лицензия мен біліктілікті талап ететінін атап өтті.

Алайда, депутаттың сөзінше, іс жүзінде бұл талаптар көп жағдайда сақталмайды. Мамандардың құзыреті айқын емес, кейбір шетел азаматтарының клиникалық практикаға жіберілу тәртібі расталмаған күйде «ем жүргізіп жүргені» туралы деректер бар.

Сауда мен емнің шекарасы бұлыңғыр тартқанын айтқан депутат негізгі қауіп пациент қауіпсіздігіне байланысты екенін баса айтты. Ол антисанитария, стерильділік стандарттарының бұзылуы, медициналық қалдықтарды дұрыс жоймау және инвазивті рәсімдерді қауіпсіздік хаттамасынсыз жүргізу фактілеріне назар аударды.

Осыған байланысты Аманжол Әлтай министрлікке бірқатар нақты ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, шығыс медицинасы қызметтерін құқықтық тұрғыда нақты жіктеу, инвазивті рәсімдер жүргізетін орталықтарға бақылауды күшейту, шетел азаматтарының медициналық қызметін цифрлық реестр арқылы ашық көрсету, тіркелмеген препараттар мен онлайн-жарнаманы ведомствоаралық бақылауға алу, сондай-ақ азаматтарға лицензия мен дәрілік заттардың заңдылығын тексеру жөнінде ақпараттық жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.