Абу-Даби қаласында Украина, Ресей және АҚШ өкілдері қатысатын келіссөздердің екінші раунды басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл ақпаратты Украина делегациясының жетекшісі Рустем Умеров мәлімдеді.
- Келіссөздер үшжақты форматта – Украина, АҚШ және Ресей қатысуымен басталды. Одан кейін бағыттар бойынша жекелеген топтар жұмыс істейді, соңынан ұстанымдарды қайтадан бірлесіп үйлестіру жоспарланып отыр, – деп жазды Умеров.
Бұған дейін Абу-Дабидегі кездесуге АҚШ тарапынан президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер қатысуы тиіс екені хабарланған еді.
Ресей және Украина делегацияларын, алдыңғы кездесу кезіндегідей, Ресей Қарулы күштері Бас штабы Бас басқармасының бастығы Игорь Костюков пен Рустем Умеров бастап отыр.
КОНТЕКСТ
Украина, Ресей және АҚШ арасындағы келіссөздердің алғашқы раунды 23–24 қаңтарда Абу-Дабиде өткен. Ол кездесудің қорытындысы бойынша ресми мәлімдеме жасалмаған.