АИ-92 литрі 489 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін – экономист

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан жанармай нарығы еркін баға қалыптастыруға көшкеннен кейін көрші елдер – Қырғызстан мен Өзбекстан деңгейіне жақындайды. Бұл туралы экономист Алмас Чукин мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Экономистің айтуынша, нарықтық бағаға көшу бензин құнының өсуіне алып келеді. Ол бағаға бағдар ретінде Қырғызстан мен Өзбекстан көрсеткіштерін мысалға келтіреді. Бұл елдерде АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі шамамен 385 және 489 теңге тұрады. Ал Ресейдегі жанармайдың салыстырмалы түрде арзан болуы, Чукиннің пікірінше, жаңылыстыратын фактор.

- Ресейдегі жанармай бекеттеріндегі бағаға мұнай өңдеу зауыттарына берілетін жасырын субсидияны қосу керек. Егер толықтай нарықтық есеп жүргізсек, Қазақстанда баға Ресейден де жоғары болуы тиіс. Сондықтан Қырғызстан мен Өзбекстандағы баға – шынайы нарықтық деңгейге көбірек сәйкес келеді. Сол көрсеткіштерді бенчмарк деуге болады, – дейді Алмас Чукин.

КОНТЕКСТ

Қазіргі таңда Қазақстанда АИ-92 бензинінің бағасын көтеруге наурыз айының соңына дейін мораторий жарияланған. Бұл шешім инфляцияның өсуін тежеу мақсатында қабылданған.