116 миллион желге ұшты: Алматы соттарына Сатыбалдының бұрынғы қонақүйінің ғимараты не үшін керек

Сырым Қаржас
kursiv.media

Алматы соттары Есентай өзенінің жағалауындағы жаңа ғимаратқа көшуді жоспарлап отыр. Бұл — кезінде элиталы қонақүй ашу көзделген нысан. Локациясы «қымбат-бай» санатынан: қала орталығы, Қастеев музейінің маңы, әсем көрініс. Ғимараттың өзі бұрын тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған. 2022 жылы Сатыбалды қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қаржы жымқыру ісі бойынша сотталып, мүлкі тәркіленген еді. Аяқталмай қалған қонақүй активтерді қайтару науқаны аясында мемлекет меншігіне өтті. Формалды түрде бәрі қисынды көрінеді: нысан мемлекетке қайтарылып, қоғамдық мақсатта пайдаланылмақ. Алайда мәселе бұнымен бітпейді — неге олай екенін Ulysmedia.kz зерттеп көрді.

Соттар не деді, нені жасырып қалды?

Алматы соты ресми жауабында ғимараттың республикалық меншікке берілгенін, Сот әкімшілігі департаментінің қарамағына бекітілгенін және қалалық соттарды орналастыру жоспарланып отырғанын растады.

— Алдағы жөндеу жұмыстарына байланысты ғимараттың инженерлік желілері мен конструктивтік элементтерінің техникалық жай-күйіне тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша нысанды пайдалану тәртібі, жөндеу қажеттілігі және жөндеуге қаржы бөлу мәселесі бойынша шешім қабылданады, — делінген редакция сұрауына берілген жауапта.

Алайда сот өкілдері көшу туралы шешімді кім және қандай деңгейде қабылдағанын, неге дәл осы ғимарат қазіргі қолданыстағы сот нысандарынан тиімді деп танылғанын нақтыламады. Сондай-ақ қай соттардың көшірілетіні және бұл үдерістің қашан басталатыны да белгісіз. Ал көшу құны мен қаржыландыру көздері туралы сұрақ жауапсыз қалған.

Ал енді бәрін жоққа шығаратын басты жайт

Қоғамға тексеру мен жоспарлар жайлы айтылып жатқанда, бір қолайсыз дерек бар. 2025 жылы Алматыдағы қолданыстағы сот ғимараттары бюджет қаражаты есебінен күрделі жөндеуден өткен. Бұл — жай ғана косметикалық бояу емес, ондаған миллион теңге. Бұл ақша — мемлекеттік бюджеттен, яғни дәл сол «жаңа сот үйіне» қуануы тиіс салық төлеушілердің қалтасынан шыққан. Мемлекеттік сатып алулар дерегіне сүйенсек, бір жылдағы шығынның бір бөлігі мынандай:

  • Медеу аудандық соты — 45 млн теңге;

  • Алмалы аудандық соты — 39 млн теңге;

  • Бостандық аудандық соты — 12,4 млн теңгеден астам;

  • Конвой бөлмелері, жылыту, ағымдағы жөндеулер — тағы бірнеше миллион;

  • Алматы қалалық соты — екі бөлек келісімшарт.

Тек 2025 жылдың өзінде шамамен 116 млн теңге.

Осы жерде қарапайым, заңгерлік емес, адами сұрақ туындайды. Логика қайда? Егер соттар алдағы көші-қон туралы білген болса, ескі ғимараттарға ондаған миллионды неге жұмсады? Егер білмесе бюджетті кім жоспарлайды және шешімді кім қабылдайды? Ал егер бәрін біле тұра жөндеу жасалған болса, желге ұшқан қаржы үшін кім жауап береді?

Көшу деген «құжатты алып, шыға салу» емес. Жаңа ғимарат — қайта жоспарлау, қауіпсіздікті күшейту, конвой бөлмелері, сот залдары, архивтер, инженерлік жүйелер деген сөз. Ал бұрынғы қонақүй мүлде сот ғимараты ретінде салынбаған. Оны іс жүзінде нөлден қайта бейімдеуге тура келеді. Бұл тағы да ондаған, тіпті жүздеген миллион теңге кетеді деген сөз. Яғни бюджет әуелі ескі соттарды жөндейді, кейін жаңа люкс ғимаратты қайта жөндейді, ал түптеп келгенде, салық төлеуші екі рет төлейді.

Қазақстанда бюджет үнемдеу, шығындарды оңтайландыру, «салық төлеуші қаржысына ұқыпты қарау» туралы жиі айтылады. Бірақ бұл оқиға керісінше көріністі аңғартады: жоспарлаудың жоқтығы мен жауапкершіліктің болмауы. Көшу жоспарланған болса, жөндеу неге тоқтатылмады? 2025 жылғы шығындарды кім келісіп, болашақтағы қосымша шығынды ескермеген шешім үшін кім жауап береді? Мұны ешкім түсіндірмейді. 

Нәтижесінде парадокс туындайды: күн сайын ысырап пен тиімсіздік істерін қарайтын соттардың өзі бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану туралы даулы тарихтың ортасында қалып отыр.