Роскомнадзор ҚазТАГ-ты бұғаттауға кірісті

Сырым Қаржас
ҚазТАГ

Ресейлік реттеуші орган қазақстандық ақпарат агенттігінің сайтын бұғаттау туралы талап жолдады. Бұған қылмыстық іс туралы материалдар себеп болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Роскомнадзор халықаралық ақпарат агенттігі ҚазТАГ сайтына бұғаттау жөнінде талап жолдаған. Бұған агенттіктің бас директоры Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасеновке қатысты қылмыстық іс жайлы материалдар негіз болған. Бұл туралы агенттік редакциясы хабарлады.

МӘСКЕУ СОТЫНЫҢ ШЕШІМІ

ҚазТАГ мәліметінше, Роскомнадзор әрекеттеріне 2026 жылғы 20 қаңтарда Мәскеу соты қабылдаған қамтамасыз ету шаралары негіз болған. Ресей тарапы агенттік басшылығы, олардың адвокаттары және Freedom Finance ісі бойынша жәбірленуші салымшылар қатысқан баспасөз конференциялары мен жария сөздерге қатысты видеоматериалдар мен жазбаларды авторлық құқықты бұзу деп таныған.

Ал фотоиллюстрацияларға қатысты сот тарапынан ешқандай шағым болмаған.

Роскомнадзордың талабы агенттік сайты орналасқан серверлерді ұстап отырған қазақстандық хостинг-провайдер — "Интернет-компания PS" ЖШС-не жіберілген. Компания өкілдері Ресей тарапының сұранысы бойынша ресурсты бұғаттаудан бас тартқанын хабарлады.

ҚАЗТАГ БҰЛ ПРОЦЕСТІ ҚАЛАЙ БІЛДІ?

Редакция мәліметінше, агенттік Ресейдегі сот процесі туралы ресми түрде хабар алмаған. Жағдай кездейсоқ белгілі болған — 3 және 4 ақпан күндері бірқатар қазақстандық провайдерде сайтқа кіретін кезде қиындықтар туындаған.

Осыдан кейін ҚазТАГ Бас прокуратураға, ҰҚК-ге, Әділет министрлігіне, Цифрлық даму министрлігіне, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігіне ресми сауалдар жолдап, Роскомнадзор талаптарының заңдылығын және Қазақстанның ақпараттық егемендігін қорғау бойынша мүмкін шараларды түсіндіруді сұраған.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАРДЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

ҚазТАГ басшылығына қарсы қылмыстық іс Freedom Finance-тегі алаяқтық ісі бойынша адвокат пен жәбірленушілердің айғақтарына байланысты.

Бұл жағдай халықаралық құқық қорғау ұйымдарының алаңдаушылығын туғызды. Атап айтқанда, Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) мен "Әділ сөз" қоры мәселені бақылауға алған. Сонымен қатар оқиға шетелдік БАҚ пен дипломатиялық өкілдіктердің назарына ілікті.