Қазақстанның 2025 жылғы сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде позициясы төмендеді

Ulysmedia
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның 2025 жылғы сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіндегі позициясы нашарлады. Transparency International Kazakhstan ұйымының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 100 балдың 38-ін жинап, 182 елдің ішінде 96-орынға тұрақтаған. 2024 жылы Қазақстан 40 балл жинап, 180 елдің арасында 88-орында болған еді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Мән-жай

Жинаған балл саны бойынша Қазақстан Эфиопия мен Суринаммен бір қатарда тұр. Қазақстаннан кейін Колумбия, Доминикан Республикасы, Гамбия, Лесото және Замбия жайғасқан. Бір саты жоғары Мальдив аралдары, Марокко мен Тунис елдері орналасқан.

Қазақстанмен көршілес елдердердің көрсеткіші бұдан да төмен. Атап айтқанда, Өзбекстан (31 баллмен, 124-орында), Қырғызстан (26 баллмен, 142-орында), Ресей (22 баллмен, 157-орында) және Түрікменстан (17 баллмен, 167-орында).

2025 жылы индекстің көшбасшылары Дания (89 балл), Финляндия (88) және Сингапур (84) елдері. Ал ең төмен нәтиже Оңтүстік Судан(9), Сомали (9) және Венесуэлада (10) тіркелді.