Маңғыстау облысында аққулардың қырылу деректері тіркеліп жатыр. Жергілікті жауапты органдардың мәліметінше, қазіргі уақытта 11 аққудың өлексесі табылған, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары жағалау аумағын бақылауға алып, мониторинг жұмыстарын жүргізген. Өлекселер табылған соң облыстық ветеринария басқармасына, экология департаментіне және Ақтау қаласы әкімдігіне хабар беріліп, құстар мен су көздерінен сынама алуды сұраған.
Инспекцияның бас маманы Ербол Әлібековтің айтуынша, 8–9 ақпан күндері жүргізілген тексеру барысында өлекселер әртүрлі жерлерден табылған, жаппай қырылу байқалмаған. Кейбір аққуларды ит талағаны анықталған.
Мамандар «аққулар судан уланып өліп жатыр» деген ақпаратқа қатысты нақты жауап бере алмады. Себебі судан сынама алынған соң нәтижесі бір апта ішінде шығады.
Тексеру жұмыстары «Қарақия-Қаракөл» қорығының Қаракөл көлінде де жүргізіліп жатыр. Бұл көл аумағында шамамен 3-4 мың аққу қыстайды.