Алтынмен пара-пар Елтаңба: алматылық сот 1,1 млн теңгеге пластик рәміз сатып алған

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

2025 жылдың желтоқсанында Алматының Сот әкімшілігі департаменті диаметрі 1,5 метр болатын пластик мемлекеттік елтаңбаны 1 150 000 теңгеге сатып алған. Қаражат бюджеттен бөлінген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Не сатып алынған?

Мемлекеттік сатып алу порталындағы келісімшартқа сәйкес, барлығы ресми түрде рәсімделген: пластик мемлекеттік рәміз, 1 дана, СТ РК 989-2014 стандартына сай, түсі – алтын, жеткізу мекенжайы – Медеу ауданы, Гоголь көшесі, 47. Жеткізуші – ЖК Маметиязова. Сатып алу «өтпей қалған сатып алулар бойынша бір көзден алу» тәсілімен жүргізілген.

Құжаттарда гауһар тас та, сусал алтын да, әшекейлі қаптама да көрсетілмеген – кәдімгі пластик. Алайда бағасына қарағанда, бұл пластиктің өзгешелігі бардай әсер қалдырады.

Техникалық сипаттамада Елтаңбаның дөңгелек пішінде екені, шаңырақ, уықтар, қанатты тұлпарлар және QAZAQSTAN жазуы бар екені нақты көрсетілген. Барлығы талапқа сай. Көзге бірден түсетіні – тек бағасы.

Салыстырғанда белгілі болады

Бағаның қаншалықты негізді екенін түсіну үшін 2025 жылғы басқа мемлекеттік органдардың елтаңба сатып алу деректерімен салыстырдық. Айырмашылық бірден көзге түседі: сипаттамалары ұқсас әрі материалы бірдей болса да, өзге мекемелер сатып алған Елтаңбалар әлдеқайда арзан болған. Айта кету керек, барлық жағдайда диаметрі 1 метрлік елтаңбалар туралы сөз болып отыр.

Ақтау қаласы әкімінің аппараты диаметрі 1 метр болатын сыртқы елтаңбаны 143 500 теңгеге сатып алған.

Астанадағы Сот әкімшілігі 1 метрлік елтаңбаны 169 000 теңгеге алған.

Шалқар ауданы әкімінің аппараты дәл сондай көлемдегі рәмізді 177 000 теңгеге сатып алған.

Геология комитеті диаметрі 1 метр елтаңбаға 214 214 теңге төлеген.

Барлығы да пластиктен жасалған және бірдей стандартқа сәйкес келеді. Алайда олардың бағасы алматылық нұсқадан бес-жеті есе арзан. Осы тұста заңды сұрақ туындайды: қосымша 50 сантиметр пластикті расында да қымбат бұйымға айналдыра ма? Санға сенсек, солай болып тұр.

Люкс нұсқа ма?

Сонда 1 метрлік Елтаңба – қарапайым мемлекеттік рәміз, ал 1,5 метрлік нұсқа – оның «люкс» үлгісі болғаны ма? Мүмкін, әділет деңгейі жоғары, шаңырағы кеңейтілген, тұлпарлары айрықша айбарлы шығар.

Әрине, күрделі монтаж, ерекше пішін, бірегей технология немесе сапасы жоғары арнайы пластик қолданылған болуы мүмкін деген жорамал бар. Бірақ құжаттарда мұндай мәлімет көрсетілмеген.

Осылайша, Елтаңба тек мемлекеттік рәміз ғана емес, ел ішінде бір стандарттың өзін әртүрлі бағалайтын өлшемге де айналғандай.