Сенат Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы келісімдерді ратификациялау туралы заңдарды қарап, қолдады. Бұл құжаттар Ыстықкөл облысындағы қазақстандық курорт нысандарының меншік құқығы мен жерді жалға алу тәртібін реттейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстанға қандай нысандар бекітілді
Құжаттарды сенатор Нұрия Ниязова таныстырды. Қарауға 2006 және 2009 жылдары жасалған келісімдер, сондай-ақ оларға енгізілген өзгерістер туралы хаттамалар ұсынылған. Аталған құжаттар Қазақстанның бірқатар шипажайлар мен демалыс базаларына меншік құқығын бекітіп, оларды жаңғырту жөніндегі міндеттемелердің мерзімін ұзартады.
– Келісім қазақстандық тараптың нысандарды жыл бойы жұмыс істейтін үш және төрт жұлдызды қонақүй деңгейіне дейін жаңғырту міндеттемесін 2029 жылдың соңына дейін ұзартады, – деді Нұрия Ниязова.
Келісімдерге сәйкес, Қазақстанның Ыстықкөлдегі төрт нысанға меншік құқығы расталды. Олар: «Қазақстан» шипажайы, «Самал» демалыс үйі, «Университет» спорттық-сауықтыру лагері және «Олимп» орталығы. Сондай-ақ осы нысандар орналасқан жер телімдері Қазақстанға 49 жыл мерзімге жалға берілді. Жалпы аумағы — 58,8 гектар.
Құжаттарда қырғыз тарапы жалға берілген нысандардың қол сұғылмауына кепілдік беріп, оларды алып қоюға бағытталған кез келген әрекеттен бас тартуға міндеттенетіні көрсетілген.
Қандай құрылыс жоспарланған
Әрбір нысан бойынша дайындық жұмыстары мен инвестициялық жобалар басталған. «Қазақстан» шипажайының орнында жаңа кешен салынуда, оны 2026 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланған. Ескі ғимараттар бұзылады, алайда Дінмұхамед Қонаевтың саяжайы тарихи нысан ретінде сақталып, үй-мұражайға айналады.
«Самал» демалыс үйі бойынша инвестормен келісім жасалып, қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құрылыс жұмыстарының басталуы да 2026 жылдың соңына жоспарланған. «Университет» лагерінде қайта жаңғыртуға арналған техникалық тапсырма дайындалып, қаржыландыру көздері, соның ішінде бюджеттен тыс қаражат тарту мүмкіндіктері қарастырылуда. Ал «Олимп» орталығы бойынша жобалық құжаттама мен инвестициялық келісім әзірленіп жатыр.
Ратификация екі ел арасындағы туристік ынтымақтастықты нығайтады деп күтіледі. Сенаттың тұрақты комитеттері заң жобаларына ескертпе білдірмей, құжаттарды мақұлдады.