Нью-Йорктегі Манхэттен ауданында Антикоррупциялық қызмет төрағасының бұрынғы орынбасары Нұрлан Шабдардың жұбайы мен қызына тиесілі қымбат пәтерлер бары анықталды. Бұл туралы «Выход к морю» Telegram-арнасы жариялаған деректерде белгілі болды. Тергеу мәліметінше, Манхэттендегі екі пәтердің жалпы құны 5 млн доллардан асады, бұл шамамен 2,5 млрд теңгеге тең, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ист-Риверге қараған екіқабатты пентхаус
Пәтерлердің бірі — Шығыс 76-көшедегі №530 үйде орналасқан екіқабатты пентхаус. Жалпы аумағы 280 шаршы метр болатын апартаментте төрт жатын бөлме, бес жуыну бөлмесі, қонақжай және ас үймен біріктірілген асхана бар. Пәтер іші ішінара жиһаздалған, премиум санаттағы тұрмыстық техникамен жабдықталған, едені «қақталған емен» материалынан төселген. Ғимарат тәулік бойы күзетпен қамтамасыз етілген, ішінде фитнес-орталық, келіссөздерге арналған бөлмелер және шатырдағы бақ бар. Қазір бұл пентхаусты айына 20 мың долларға жалға беруге болады.
Манхэттендегі шағын пәтер
Екінші пәтердің аумағы шағындау — 80 шаршы метр. Онда бір жатын бөлме, асүй-қонақжай және жуыну бөлмесі бар. Пәтер Эмпайр-стейт-билдинг пен Мэдисон-скверге жаяу жететін жерде орналасқан. Ай сайынғы жалдау ақысы — 7 мың доллар. Аталған екі нысан да Нұрлан Шабдардың жұбайы Меруерт Кисамиева мен қызы Алуа Шабдардың атына рәсімделген.
Жылжымайтын мүлік қалай рәсімделген
Екі пәтер де Нью-Йоркте тіркелген Aula Estates LLC компаниясы арқылы рәсімделген. 2023 жылы экс-шенеуніктің әйелі мен қызы бұл компанияны жауып, Флорида штатында дәл осындай атаумен жаңа фирма ашқан. Реестр деректеріне қарағанда, пәтерлердің меншік иелері өзгермеген — Меруерт Кисамиева мен Алуа Шабдар сол күйі иелік етіп отыр.
Зерттеу авторлары АҚШ-тағы компания атауының Қазақстандағы Шабдарбаевтар әулетіне тиесілі Alua компаниясымен үндес екенін атап өтеді. Сондай-ақ Флоридадағы фирма құжаттарында қыздың тегі ShaDbar деп, бір әріп қате жазылғанын көрсетіп, мұның америкалық реестрлерде іздеуді қиындату үшін әдейі жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Шетелдегі өзге активтер
Нью-Йорктегі пәтерлер — отбасының жалғыз шетелдік мүлкі емес. 2024 жылдың күзінде «Выход к морю» Алматыдағы құны 2 млрд теңге шамасындағы зәулім үй туралы да мәлімет жариялаған. Аумағы 1100 шаршы метрден асатын, жер телімі 22 сотық бұл үй элиталық Alem Luxor қалашығында орналасқан. Сонымен қатар Болгарияда, Бургас қаласының маңында бірнеше таунхаус бар. Олардың бірі 2017 жылы сатып алынған. Араға бір ай салып, Нұрлан Шабдар Жамбыл облысында мемлекеттік қызметке орналасқан.
Нұрлан Шабдар кім
Нұрлан Шабдар 1974 жылы Алматы облысында туған. Заңгер әрі экономист, заң ғылымдарының кандидаты. Күштік құрылымдардағы қызметін 1990-жылдардың ортасында бастаған. Алдымен Алматыда жедел уәкіл болып жұмыс істеп, кейін қаржы полициясы мен антикоррупциялық органдарда әр өңірде басшылық қызметтер атқарды. Соңғы қызметі — Ақтөбе облысы бойынша Антикор департаментінің басшысы. Бұған дейін Агенттік төрағасының орынбасары болған.
Нұрлан Шабдардың әкесі — бұрынғы ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаев. Қаңтар оқиғаларынан кейін ол медиада белсенді көріне бастады: сұхбат беріп, әлеуметтік желілерде жазба жариялап, YouTube-арна ашты. 2023 жылы күштік құрылымдардағы қызметі мен билік элитасындағы қарым-қатынастар туралы естеліктерін қамтыған көлемді сұхбаты жарық көрді. Генерал-лейтенант кеңестік кезеңдегі қызметін де жиі еске алады. Ол бір кездері Дінмұхамед Қонаевтың жеке күзетшісі болған. Ал 2025 жылы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына арналған деректі фильм шығарды.