Банктік тарифтер төңірегіндегі дүрбелең: шын мәнінде не болды

Ulysmedia
Ашық дереккөзден

БАҚ пен әлеуметтік желілерде Kaspi.kz картасының жылдық қызмет көрсетуі 10 мың теңге болады деген жалған ақпарат тарады. Алайда бұл шындыққа жанаспайды: ешқандай өсім болған жоқ, жоспарланған да емес. Клиенттер үшін шарттар өзгермейді.

«Банктердің шекті тарифтері» деген не?

Қазақстандағы барлық екінші деңгейлі банктер заң талаптарына сай «шекті тарифтер» туралы құжаттарды жариялап отырады. Бұл құжаттарда банк белгілі бір қызмет үшін ала алатын ең жоғары мүмкін соманы ғана көрсетеді. Ол — нақты баға емес.

Қарапайым тілмен айтқанда, шекті тариф — «ең көбі қанша болуы мүмкін» деген шек қана. Банктер оны болашаққа арнап, ережелерді жиі өзгертпеу үшін жоғары етіп белгілейді. Ал іс жүзінде клиенттер төлейтін нақты комиссиялар әлдеқайда төмен болады. Жоғары сандардың құжатта жазылуы қызмет қымбаттайды дегенді білдірмейді, бұл — тек заң талабы.

Нақты мысалдар

Кейбір банктерде шекті тарифтер өте жоғары болып көрінуі мүмкін. Мәселен, Банк ЦентрКредит жеке тұлғаның шотын ашу, жүргізу және жабу үшін шекті тарифті 10 млн теңге деп көрсеткен. ForteBank-та шот ашу — 10 мың теңге, ай сайын жүргізу — 20 мың теңге, жабу — 5 мың теңге деп жазылған. Freedom Bank-та алғашқы шотты ашудың шекті тарифі 1 млн теңгеге дейін жетеді. Бірақ бұл сандар — қағаздағы шек қана, шын өмірде мұндай тарифтер қолданылмайды.

Kaspi.kz туралы

Kaspi.kz-те де шекті тарифтер де, нақты тарифтер де кемінде 2017 жылдан бері өзгермеген. 2026 жылы да олар сол күйі сақталады. Яғни Kaspi картасының қызмет көрсетуі қымбаттамайды.