Әділет вице-министрі Қанат Ысқақовтың айтуынша, үгіт-насихат кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдары референдумға шығарылған мәселелерді түсіндіруге құқылы, алайда бұл бірқатар талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
– Республикалық референдумға шығарылған мәселелер бойынша БАҚ-та ақпараттық-түсіндіру жұмыстары олардың мәнін бейтарап түрде түсіндіру арқылы жүргізілген жағдайда ғана рұқсат етіледі. Мұндай қызмет «жақтап» немесе «қарсы» дауыс беруге шақырумен, сондай-ақ референдумға шығарылған мәселенің артықшылықтары мен кемшіліктеріне басымдық беретін бағалау пікірлерімен қатар жүрмеуі тиіс, – деді Ысқақов.
ЕРЕЖЕЛЕР
Сондай-ақ үгіт-насихат жұмыстарының ережелері туралы Орталық референдум комиссиясының мүшесі Ляззат Сүйіндік айтып өтті. Оның айтуынша, референдумға қатысты қоғамдық пікір сауалнамаларын заңнамаға сәйкес тіркелген және мұндай зерттеулер жүргізуде кемінде бес жылдық тәжірибесі бар заңды тұлғалар ғана өткізе алады. Бұл ретте олар сауалнамаға тапсырыс берушіні, ақпарат жинау әдісін және респонденттер санын көрсетуге міндетті. БАҚ сауалнамалар нәтижесін осы деректерді көрсете отырып, сондай-ақ сұрақтың нақты тұжырымдамасын бере отырып жариялауға құқылы. Дауыс беруге бес күн қалғанда және дауыс беру күні сауалнамалар жариялауға тыйым салынады.