Ресей азаматтығын қазақстандыққа ауыстырған спортшылардың елге кіруіне тыйым салуы мүмкін

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Ресейдің спорт министрі Михаил Дегтярев басқа елдердің атынан өнер көрсету үшін Ресей азаматтығынан бас тартқан спортшылардың елге кіруіне тыйым салынуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол "Центральный канал" бағдарламасының эфирінде айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Министрдің сөзінше, мемлекет спортшыларды даярлауға – жаттығу базаларына, бапкерлерге қомақты қаржы бөледі. Алайда кейбір атлеттер кейін спорттық азаматтығын өзгертіп, басқа елге кетеді.

– Ресейлік спортшы халықаралық жарыстарға қатысу үшін азаматтығынан бас тартса, онда оның елге кіруіне тыйым салып, барлық атағынан айыру керек. Өйткені мұндай әрекет – нағыз сатқындық, – деді Дегтярев.

Ол мұндай шара қандай құқықтық негізде енгізілетіні және қалай жүзеге асырылатыны жөнінде нақтыламады. Сондай-ақ министр осындай жағдайларда талаптарды қатаңдату туралы бұйрыққа қол қойғанын айтты. Оның айтуынша, спорттық азаматтығын өзгерткен шахматшылардың бірі гроссмейстер атағынан айырылған.

КОНТЕКСТ

2022 жылы ресейлік спортшылар халықаралық турнирлерден шеттетілгеннен кейін олардың бір бөлігі басқа құрамалар сапында өнер көрсетуге шешім қабылдады. БАҚ деректеріне сәйкес, 2023 жылдың ортасына дейін кемінде 200 спортшы азаматтығын өзгерткен.

Мұндай жағдайлар көбіне шахмат, мәнерлеп сырғанау, ат спорты, көркем гимнастика және теннис спорттарында кездеседі.

2023 жылы 10 ресейлік спортшы Қазақстан азаматтығын алғаны хабарланған. Олардың қатарында тау шаңғышысы Александра Скороходова, конькимен жүгірушілер Кристина Силаева мен Елизавета Голубева, теннисші Александр Шевченко, футболшы Александр Зуев және хоккейші Дмитрий Гурков бар.