21 жастағы Нұрай Серікбайдың дүниеден өткеніне қырық күн толды. Марқұмның туыстары құран бағыштап, ас берді. Оны еске алуға жүздеген адам – туған-туысы, достары, курстастары мен ұстаздары жиналды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НҰРАЙСЫЗ ӨТКЕН 40 КҮН
Жалғыз перзентінен айырылған ата-ананың қайғысы әлі де басылар емес. Еске алу барысында экраннан Нұрайдың балалық шағынан студенттік кезеңіне дейінгі суреттері көрсетілді. Анасы қызына арнаған жүрекжарды өлеңін оқып, оның мейірімі мен жарқын болмысын, орындалмай қалған армандарын еске алды.
УНИВЕРСИТЕТ ҰЖЫМЫ ДА КЕЛДІ
Асқа Нұрай білім алған Алматыдағы оқу орнының өкілдері арнайы қатысып, оның үздік студенттердің бірі болғанын айтты.
– Нұрай өте тәрбиелі, нәзік мінезді, айналасына шуақ шашып жүретін қыз еді. Биыл оқуын тәмамдауға аз ғана уақыт қалған еді… Өкінішке қарай, арманына жете алмады. Мұнда оның топтастары да отыр. Бәріміздің жүрегімізге ауыр тиді, – деді кураторы Сәуле Нұрбай.
Нұрай мектепті "Алтын белгімен" бітіріп, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының дизайн факультетіне грантқа түскен.
– Төрт жыл бойы ол жоғары нәтижелер көрсетіп, студенттік өмірге белсенді қатысты. Бұл — бәріміз үшін ауыр қаза. Академия үшін орны толмас жоғалту, – деді декан.
КОНТЕКСТ
Қайғылы оқиға 11 қаңтарда болған. Әлеуметтік желілерде тараған бейнебақылау камераларының жазбаларында ер адамның қызды қуып жетіп, оның қашуға және қарсылық көрсетуге тырысқанына қарамастан пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткені көрінеді. 13 қаңтарда күдікті 28 жастағы өңір тұрғыны қала шетінен 10 шақырым қашықтықта ұсталды.
Кейін белгілі болғандай, шабуыл кенеттен жасалмаған. Марқұмның туыстарының айтуынша, оған дейін бірнеше ай бойы қудалау болған және алып қашу (қалыңдықты ұрлау) оқиғасы да болған. Отбасы полициядан бірнеше рет көмек сұрағанымен, олардың арыздары қабылданбаған.
Оқиғаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. 20 қаңтарда Ұлттық құрылтай отырысында Президент полиция қызметкерлерінің әрекетіне баға беруді тапсырды. Сол күні Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылды. Ал некеге мәжбүрлеу дерегін тіркемеген полиция қызметкерлеріне қатысты салғырттық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Одан кейін әлеуметтік желілерде Шымкент қалалық полиция департаментінің бұрынғы қызметкерлері жариялаған болуы мүмкін видео тарады. Видеода Нұрай Серікбай өзін некеге мәжбүрлеу мақсатында ұрлап әкетпегенін және сол күні күдіктінің көлігіне өз еркімен отырғанын айтады. Сондай-ақ ол ер адамға ешқандай арызы жоқ екенін айтады.