Отардағы әскери бөлімде мерзімді қызметтегі сарбаз соққыға жығылды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Отардағы әскери бөлімінде мерзімді қызметтегі сарбаз соққыға жығылды. Қазіргі таңда сарбаз Алматы қаласындағы әскери госпитальда ем қабылдап жатыр. Ал әскери полиция қылмыстық тергеу бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Желіде Отар әскери бөлімінде қызмет ететін сарбаздың жақ сүйегі мен мұрны сындырылғаны туралы ақпарат тарады. Хабарламада операция жасалғаннан кейін оған толыққанды ем мен бақылау көрсетілмегені айтылады. Кейін туыстары сарбаздың бір пәтерде ұсталғанын анықтаған. Ал тексеру барысында жасалған операцияның дұрыс жүргізілмегені белгілі болған.

ПОЛИЦИЯ ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Гвардиялық гарнизонның әскери полициясы әскери қызметшіге физикалық күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу уақытына бірқатар офицер қызметінен уақытша шеттетілді.

— Материалдар Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың, сондай-ақ әскери бөлімде жарғыдан тыс қарым-қатынас фактісі туралы жоғары басшылыққа дер кезінде баяндама жасамаған және медициналық көмекті ұйымдастырмаған лауазымды адамдардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі, — делінген әскери полицияның хабарламасында.

Зардап шеккен сарбаз Алматыдағы Әскери-клиникалық госпитальда емделіп жатыр. Ведомствоның мәліметінше, оған барлық қажетті білікті медициналық көмек көрсетілуде, ал денсаулығы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Тексеру қорытындысы бойынша кінәлілер заң аясында қатаң жауапкершілікке тартылатыны айтылды. Жағдайды Қарулы күштер басшылығы жеке бақылауына алған.

КОНТЕКСТ

Жуырда Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскердегі қауіпсіздік мәселесінде олқылықтар барын мойындаған болатын. Әскери қызметшілердің қаза болуынан кейін бірқатар кадрлық шешімдер қабылданып, қызметтен босатулар жүргізілді. Ведомство тәртіп пен тәрбие жұмысын күшейтуге уәде берген еді.