Израиль Газа секторы мен Батыс жағалауда палестиналықтарға қарысы этникалық тазалау жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі басқармасы жариялаған соңғы баяндамада Израиль билігінің әрекеттеріне қатысты ауыр айыптаулар айтылды. Құжатта Газа секторында да, Батыс жағалауда да этникалық тазалау сипатындағы іс-қимылдар жүргізіліп жатқаны туралы айтылған.
Баяндама авторларының дерегінше, соңғы уақытта шабуылдар мен мәжбүрлі қоныс аударту оқиғалары жиілеген. Бұл әрекеттер оккупацияланған аумақтардағы палестиналықтарды түпкілікті ығыстыруға бағытталған.
Баяндамада 2024 жылғы 1 қарашадан 2025 жылғы 31 қазанға дейінгі кезеңде шабуылдардың күшейгені, тұтас аудандардың жүйелі түрде қиратылғаны және гуманитарлық көмектің шектелгені айтылған. Құжат авторларының пікірінше, мұндай әрекеттер Газа секторындағы демографиялық ахуалды өзгертуге бағытталған.
Бұдан бөлек, баяндамада Израиль күштерінің бейбіт тұрғындарға және азаматтық нысандарға әдейі соққы жасағанын, сондай-ақ гуманитарлық көмектің жеткізілуі мен таратылуына кедергі келтіргені туралы жазылған. Ведомствоның бағалауынша, мұндай әрекеттер халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын бұзып, әскери қылмыс белгілеріне сай келуі мүмкін.
Ұйым дерегіне сәйкес, Газа секторында аштық салдарынан кемінде 463 палестиналық қаза тапқан, олардың 157-сі — балалар.
Сонымен қатар, ХАМАС және өзге де палестиналық қарулы топтар 2023 жылғы 7 қазанда тұтқынға алынған израильдік және шетелдік адамдарды, сондай-ақ қаза тапқан немесе тұтқында көз жұмған адамдардың денелерін саяси сауда құралы ретінде пайдалануды жалғастырып келе жатқаны туралы айтылған.
Босатылған кепілдегі адамдардың айғақтарына сәйкес, тұтқында болған кезеңде оларға қатысты жыныстық және гендерлік сипаттағы зорлық-зомбылық, азаптау, ұрып-соғу әрекеттері жасалған. Сондай-ақ олардың ұзақ уақыт бойы жерасты орындарында қамауда ұсталғаны жөнінде деректер келтірілген.