Петропавлдағы резонанс: екі судья алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Петропавл қаласында жоғары лауазымды екі судьяға қатысты сот процесі аяқталуға жақын, үкім олар үшін аса қатаң болуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Мемлекеттік айыптаушы іс бойынша барлық фигуранттарды кінәлі деп танып, оларды нақты мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.

50 мың доллар үшін «көмек»

Прокурор ең қатаң жазаны  Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бұрынғы төрағасы Бекбол Баймахановқа сұрады — 12 жыл бас бостандығынан айыру. Петропавл қаласындағы №2 соттың экс-төрағасы Ерлан Ибраев үшін — 7 жыл. Ал заңгер Артём Иванов пен кәсіпкерлер Геворг Погосян және Гамлет Мелконянға мемлекеттік айыптаушы әрқайсысына 6 жылдан тағайындауды талап етті.

Бұл іс өңір үшін бұрын-соңды болмаған жағдай ретінде бағаланып отыр: айыпталушылар орындығында бірден екі сот төрағасы отыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, заңды қорғауы тиіс болған тұлғалар өздері қажетті шешімдер үшін ақшаға келісім жасаған. Алғашқы эпизодта, айыптау тарапының мәліметінше, Баймаханов ірі жер дауын шешуге көмектесу үшін коллекторлық агенттіктен 50 мың доллар алуға келіскен. Кейін осы соманың 15 мың доллары оны ҰҚК қызметкерлері ұстағаннан кейін қызметтік кабинеттен табылған. Бұл — істің басы ғана.

Миллиондармен жасалған махинациялар

Тергеу Баймахановтың Ибраевпен бірге мемлекеттік сатып алуда жосықсыз қатысушылар тізіміне еніп кету қаупі төнген жол-құрылыс компаниясынан да ақша алғанын алға тартады. Іс материалдарына сәйкес, кәсіпкер оң шешімге үміттеніп, 2,5 млн теңге берген.

Тағы бір бөлек эпизод — жүздеген миллион теңге қарызы бар кәсіпкердің банкроттығы. Оның жеке кәсіпкерлігі банкрот деп танылған, алайда апелляциялық саты кейін бұл шешімді жоққа шығарған — негіз болмаған. Айыптау тарапының пайымынша, бұл жерде де қаржылай келісімдер болған. Прокурор жарыссөз барысында бұл істің жай ғана жемқорлық емес, сот жүйесіне деген сенімді шайқалтатын әрекет екенін атап өтті. Айыптаушы тараптың нұсқасы бойынша, мансап иелері өздеріне берілген нақты билікті жеке пайда үшін пайдаланған.

Судьяны әдейі «құрбан етті» ме?

Жарыссөзде айыпталушылардың адвокаттары да сөз алды. Бекбол Баймахановтың қорғаушысы істің арандату негізінде құрылғанын мәлімдеді. Адвокат судья Дамир Омаровтың рөліне ерекше тоқталды. Процесс материалдарына сәйкес, дәл осы Омаров Баймаханов пен коллекторлық агенттік өкілі арасындағы келіссөздерде делдал болған, кейін өзі ҰҚК-ға арыз жазған.

Қорғаушының пікірінше, Омаровтың әрекеттері жеке құқықтық баға беруді қажет етеді және тіпті оған қатысты қылмыстық іс тіркеу қажеттілігі туындауы мүмкін.

— Қандай да бір сараптамасыз-ақ, Омаров тарапынан арандатушылық әрекеттердің болғаны анық көрінеді. Бұл әрекеттер Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің тікелей бақылауымен жүзеге асқан, яғни барлық процесс олардың басқаруында болған, — деді адвокат сот залында.

Сонымен қатар, қорғаушы Баймахановқа сұралған 12 жылдық жазаға да қарсы шықты. Ол бұл мерзімді шамадан тыс деп атап, соттан Баймахановты судья ретінде емес, қатардағы азамат ретінде бағалауды сұрады.

— Құрметті сот, бұл іске әділ әрі бейтарап қарауыңызды өтінемін. Біз қамауда екі сот төрағасы отырғанын түсінеміз, бұл іс — резонансты. Алайда қамауда отырғандардың барлығы, соның ішінде менің қорғауымдағы адам да, өзгелер секілді қарапайым адам. Прокурор сұраған жаза әділдікке, парасаттылыққа және сот әділдігінің қағидаттарына сай келмейді. Айыптау тарапының ықпалына ермей, заңды шешім шығаруыңызды сұраймын, — деді қорғаушы.

Бұл іс бойынша үкім келесі аптада жарияланады. Егер сот прокурор талаптарын қолдаса, бұрынғы сот төрағалары ұзақ жылға колонияға кетуі мүмкін. Бұл Солтүстік Қазақстан облысындағы соңғы жылдардағы ең даулы сот шешімдерінің бірі болмақ.