Палестина тарапының мәліметінше, Израильдің әуе соққылары салдарынан кемінде екі адам қаза тапты. Бұл шабуылдар төрт айдан астам уақыт бұрын Израиль мен ХАМАС арасында жасалған бітімнен кейінгі кезекті оқиға болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Al Jazeera телеарнасының хабарлауынша, 21 ақпанда соққылар анклавтың солтүстігіндегі Жабалия босқындар лагеріне және Газа секторының оңтүстігіндегі Кизан ан-Наджар ауданына жасалған.
Wafa агенттігінің дерегінше, атысты тоқтату режимі жарияланған сәттен бері израильдік шабуылдардан қаза тапқандар саны 614 адамға жеткен. 1 640-тан астам адам жарақат алған.
Израиль армиясы бұл оқиғалардың бірін растады. Ресми мәлімдемеде әскери күштер Газа секторының солтүстігінде шекара сызығын кесіп өтіп, израильдік позицияларға жақындаған әрі "тікелей қауіп төндірген" адамды өлтіргені айтылған. Әскерилер мұндай қауіп-қатерлерге қарсы әрекеттер жалғасатынын мәлімдеді.
КОНТЕКСТ
Бұл оқиғалар АҚШ президенті Дональд Трамп бастамашы болған "Бейбітшілік кеңесінің" алғашқы отырысынан екі күн өткен соң болды. Кездесуде Газаны қалпына келтіру, қауіпсіздік мәселелері және аумақты болашақта басқару жүйесі талқыланған.
Трамптың айтуынша, тоғыз мемлекет Газа секторын қалпына келтіруге 7 млрд доллар бөлуге дайын. АҚШ тағы 10 млрд доллар бөлуге уәде берген. Алайда сарапшылар қажетті қаражат көлемін шамамен 70 млрд доллар деп бағалап отыр.