Жамбыл облысында төтенше жағдай жарияланды

Сырым Қаржас
Жамбыл облысы әкімдігі

2026 жылғы 21 ақпанда таңғы сағат 4:00-ден бастап Тұрар Рысқұлов ауданда желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Кейінгі мәліметке қарағанда, жеті елді мекендегі 29 нысанның шатыры ұшқан. Оның ішінде 10 әлеуметтік нысан бар. Сондай-ақ 19 елді мекенде электр жарығы өшіп, жеті елді мекенде газ беру уақытша тоқтатылған.

Электр жарығы мен газды қалпына келтіру жұмыстарына 10 бригада жұмылдырылды. Жөндеу жұмыстары аяқталып жатыр.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ

Тұрар Рысқұлов ауданында бірқатар нысан бойынша нысаналы төтенше жағдай жарияланды.

Меркі ауданында да қатты жел салдарынан бес ауылдық округтегі 27 тұрғын үйдің шатыры жартылай зақымданған. Сонымен қатар бес білім беру нысанының шатыры мен сыртқы қасбеті бүлінген. Сегіз ауылдық елді мекенде электр жарығы сөнсе, үш елді мекенде газ желілеріне зақым келген.

Жалпы, екі ауданда да зардап шеккен тұрғындар жоқ. Қоғамдық-саяси ахуал тұрақты.

– Қазіргі таңда дауыл салдарынан келген шығын көлемін анықтау жұмыстары жалғасып, коммуналдық желілер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр, – делінген хабарламада.