Бұрынғы шіркеу қызметкері Иаков Воронцовқа екі бірдей бап бойынша айып тағылды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Мән-жай
Әкімшілік айыппен он тәулікке қамалған Иаков Воронцов абақтыдан бүгін шығуы тиіс болған. Бірақ оның үстінен екі бірдей бап бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, Иаков Воронцовты қамауға алу туралы хаттама таңғы сағат 8:50-де толтырылған. Оған қылмыстық кодекстің 302-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтыну үшiн притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және осы мақсаттар үшiн үй-жайлар беру» және 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша айып тағылған.
72 сағаттың ішінде Воронцовты үйқамаққа жібере ме, жоқ әлде қамауға ала ма белгілі болады. Нұрпейісовтің айтуынша, бүгін нақты шешім қабылданады. Ертең тергеу соты басталуы мүмкін.
Контекст
Воронцов 13 ақпанға қараған түні ұсталған. Алматының әкімшілік соты оны «есірткі заттарын медициналық мақсаттан тыс пайдаланғаны үшін» кінәлі деп танып, 10 тәулікке қамау туралы шешім шығарды.
Сол кезде полиция «есірткі тұтынуға арналған притон ұйымдастыру» фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған.
Воронцов бұған дейін ашық саяси мәлімдемелерінен кейін қудалауға ұшыраған. Атап айтқанда, ол Ресейдің Украинаға басып кіруін сынға алып, Қазақстанда тәуелсіз православ шіркеуін құру бастамасын көтерген болатын.
Иаков Воронцовтың өзі тағылған айыппен келіспейді. Ол абақтыдан жазған хатында тағылған айып пен өзінің қамалуын саяси ұстанымымен байланыстырған.
«Менің үйімде ешқашан да, еш уақытта да қандай да бір притон болған емес. Маған рухани жұбаныш пен ізгі сөз іздеп әртүрлі адамдар келетін. Олар әңгімелесу, бірге дұға ету үшін, менің пікірлес, сенімдес жандарым ретінде келетін. Үйімнен табылды делінген ұнтақ маған тиесілі емес. Менің ойымша, ол әдейі тасталған. Мұның бәрі — мені жазалау және абыройымды түсіру мақсатында жасалған әрекет», — деген ол хатында.