Каспий жағалауынан мыңдаған өлі құс табылды

Сырым Қаржас
фото: azertag.az

Каспий теңізінің жағалау аймақтарында мыңдаған құс қырылып қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Әңгіме поганкалар тұқымдасына (Podicipedidae) жататын су құстары жайында болып отыр. Azertag агенттігінің мәліметінше, Ниязабад ауылы маңынан жағалау бойына бірнеше шақырымға созылып жатқан мыңдаған өлекселер табылған. Балықшылардың айтуынша, бұл аумақта батпақты жерлерде мекендейтін құстардың жаппай қырылуы негізінен ақпан айының басында байқалған.

Әзербайжанның Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мамандары, сондай-ақ Азық-түлік қауіпсіздігі агенттігі құстардың жаппай қырылуына байланысты тексеру жұмыстарын бастағанын хабарлады.

ЭКОЛОГИЯ

Ғалымдар Каспий теңізінің тартылуын зерттеуді жалғастырып жатыр. Олардың айтуынша, табиғи факторлармен қатар техногендік жүктемелер де кері әсер етуде. Атап айтқанда, теңіз шельфін мұнай-газ мақсатында игеру, өзен арналарының өзгеруі және су айдындарының ластануы экологиялық жағдайды ушықтырып отыр.

Осыған байланысты зерттеушілер геоэкологиялық қауіп-қатерлерді бақылау мен болжауда кешенді тәсіл қолдану қажет екенін алға тартып отыр.